Қандай өңірлерде ауыз сумен қамту деңгейі төмен екені белгілі болды

turkystan.kz
turkystan.kz
2020 жылы орталықтандырылған суға қол жеткізу деңгейін қалаларда 97,5 пайызға, ауылдарда 87,7 пайызға жеткізу жоспарланған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қостанай, Жамбыл және Павлодар облыстарында ауыз сумен қамту деңгейі төмен. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, 2020 жылы орталықтандырылған суға қол жеткізу деңгейін қалаларда 97,5 пайызға, ауылдарда 87,7 пайызға жеткізу жоспарланған. Аймақтар бойынша 3 өңірде, атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында қала халқы 100 пайыз орталықтандырылған сумен қамтылған.

«Ауыз сумен қамту деңгейі Қостанай, Жамбыл және Павлодар облыстарында төмен. Сумен қамтамасыз етудің әлеуметтік маңызы зор. Мемлекет басшысы таза ауыз суға қол жеткізу деңгейін барлық өңірде теңестіру қажеттігін бірнеше рет атап көрсетті. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауылдарды сапалы және қажетті мөлшерде сумен жабдықтау қызметімен кезең-кезеңмен қамту жөнінде жоспар әзірленді. Сондықтан өңірлер халықты сумен қамтамасыз ету үшін осы жоспарды кейінге қалдырмай, тиімді шаралар қабылдауы керек», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Айта кетейік, биыл қалалар мен ауылдарда су тарту және су бұру желілерін дамытуға республикалық бюджеттен 113,6 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек, Үкімет отырысында  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жұмыспен қамту мәселесін тиімді түрде шешу үшін алдағы уақытта жыл сайын экономикада 600 мыңға жуық жұмыс орнын құру қажеттілігі туындап отырғанын мәлімдеді.

«Ол үшін өңірлерді дамыту бағдарламаларының құрамдас бөлігі ретінде мемлекеттік бағдарламалардың барлық жобалары мен ірі, жеке инвестициялық жобаларды ескере келе жұмыс орындарын құрудың өңірлік карталарын жасау қажеттілігі туындайды. Бұл өз кезегінде барлық мемлекеттік бағдарламадағы жұмыс орындарының көрсеткіштерін жаңғырту және олардың әкімшілерінің жауапкершілігін арттыруды талап етеді», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Новости партнеров