Алматыда бірқатар басқарма қысқарып, қайта жасақталды

16.01.2019 22:44

Алматы әкімдігінде жаңа құрылым жасақталады. Қаладағы 24 басқарманың алтауы қысқарып, оның 18-і қалатын болды. Оларға жаңа атау да қойылады. Қайта жасақталған басқарма атауларында «қоғам», «әлеумет» және «урбанистика» секілді бұрын-соңды кездеспеген сөздер пайда болады.

Айта кетейік, басқарушылар саны 13 пайызға азаяды. Есесіне, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 1 жарымнан 2,6 пайызға артады. Бүгін кезектен тыс өткен мәслихат отырысында жергілікті депутаттар бұл шешімді бірауыздан қолдады.

Айта кетейік, жаңа атаулармен бірге, мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс істеу тәртібі мен алға қойылған міндеттері де өзгертіліп, келесі айда нақты бекітілетін болды.

«Алматы әкімдігінің жұмысын оңтайландыру мақсатында құрылым өзгертілді. Біз әлемнің озық үлгілерін зерттеп, Еуропа мен Азия қалаларындағы жүзеге асқан оң тәжірибені алдық. Оған қоса, халықтың қоғамдық қабылдау арқылы айтқан арыз-шағымдарына да құлақ астық. Біз басқармаларды қысқарту кезінде тиімді жұмысты жоғалтпай, қайта алға қарай жылжитын боламыз», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсел ЖҮНІСОВА.

Ал Алматы әкімдігіндегі 8 басқарма енді 4 басқармаға біріктірілмек. Ішкі саясат, Жастар саясаты және Дін істері басқармалары қосылып, Қоғамдық даму деп аталатын болды. Сондай-ақ, Мемлекеттік сәулет-құрылыс және Жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы бірігіп, Қала құрылысын бақылау болып өзгерді. Ал Мемлекеттік еңбек инспекциясы және Көші-қон мен Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары қосылып, әлеуметтік қамтамасыз ету болып өзгертілді. Оған қоса, қаланың Кәсіпкерлік және Ауыл шаруашылығы басқармалары бірігіп, Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы деген жаңа атау алды.

Ал 12 басқарманың атауы өзгереді. Оның қатарында Қоғамдық денсаулық, Жасыл экономика, Қаланы жоспарлау және Урбантистика басқармалары бар. Шешімді қабылдамас бұрын, Алматының мәслихат депутаттары бірігіп, мәселені ортақ талқыға салған. Бұл шешімді қала әкімі Бауыржан Байбек те қолдады.

«Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVI Съезінде ұсынған «Бес институционалдық реформаның» ең бірінші бағыты – кәсіби мемлекеттік аппарат құруды іске асыру шеңберінде қолға алынған шаралардың жалғасы. Елбасы «Мемлекет алдында тұрған жаһандық сын-тегеуріндерге қауқарлы жауап қата білуіміз қажет. Бір орында тұруға болмайды. Мемлекеттігімізді нығайту жолында бүгінгі жетістіктеріміздің негізінде ілгері қадам баса беруіміз керек» деген еді», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.