Алматыда музей қызметкерлерінің арасында байқау өтті

20.02.2020 21:45

Олар виртуалды экскурсия, экспонат және тарих пен өнер және әдебиет бағыттары бойынша бақ сынады

Almaty.tv

Халықаралық экскурсия жүргізушілерінің күніне орай ұйымдастырылған шараға қаламыздың 7 музейінен өз ісінің білгірлері қатысты. Олар виртуалды экскурсия, менің сүйікті экспонатым және тарих, өнер, әдебиет бағыттары бойынша бақ сынады, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, экскурсия жүргізушілеріне қойылар талап күшті. Олар жан-жақты, тілі жатық, тарихтан хабары болуы тиіс.

«Экскурсияны жүргізу барысында көптеген қателіктерге жол беріледі. Олар: артық қимыл-қозғалыстар мен паразит сөздер. Міне осындайлардан арылу үшін біздер үнемі ескерту жасап, тереңдетілген дайындықтан өткізіп, ұдайы дайындық жұмыстарын жүргізіп отырамыз», - деді «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» директорының орынбасары Қайрат ТАРБАЕВ.

Егер театр киім ілгіштен басталса, музей экскурсия жүргізушіден басталатыны анық. Ең алғашқы болып келушілерді экскурсия жүргізуші қарсы алады және көп нәрсе оның шеберлігіне байланысты. Мықты маман ең қарапайым деген жәдігерге өтімді ақпарат бере алады. Сондықтан мұндай шараның өтуі экскурсия жүргізушілерін шыңдап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді дейді қатысушылар.

«Бір-бірімізбен тәжірибе алмасу арқылы өзіміздің кемшілігімізді байқамаймыз ғой. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді ғой, солайша сабақ алып жатқан жайымыз бар. Және де экскурсовод мамандарына бұл өте қажет деп ойлаймын. Неге десеңіздер, музейге кірген бетте сәлемдесуден бастап, көпшілік қауымды алып жүретін осы мамандық иелері», – деді Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық мұражайының қызметкері Мөлдір ЖАҢБЫРБАЙ.