Отбасын қолдау ресурстық орталығы 2000 отбасыға көмек көрсеткен

12.11.2019 21:45

Соның ішінде 700 отбасы ажырасудан бас тартқан

Almaty.tv

Отбасылық сот жанынан құрылған отбасын қолдау ресурстық орталығы осы уақытқа дейін 2000 отбасыға көмек көрсеткен. Соның ішінде 700 жанұя қазір ажыраспайтын болып, кейбірі ойлануға уақыт сұраған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұндай орында психолог мамандармен қатар, заңгер, әлеуметтік қызметкерлер тегін кеңестер беріп, шаңырақтардың шайқалмауына ықпал етуде. «Бақытты отбасы» пилотты жобасы аясында еліміздің 8 аймағында 12 орталық және 4 кабинет ашылған. Дағдарыс орталықтары одағы орталық жұмысын жетілдіру мақсатында екі күндік курс ұйымдастырды. Оған республиканың әр аймағынан мамандар шақыртылған.

«Себептері әрине көп. Көбінесе кездесетін себептер жас отбасына үшінші адамдардың кірісуі. Көп жас отбасылар экономикалық жағдайға байланысты ата-аналарымен бірге тұрады. Болмаса бөлек тұрған күнде де ата-аналары көп араласады. Соның арқасында ажырасулар көп болып жатады», – деді Алматы қаласы бойынша «Бақытты отбасы» отбасы соттары жанындағы ресурстық орталық психологы Гауһар ОНЖАНОВА.

Елімізде азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі тек неке қию орны емес, отбасылық өмір туралы білімді жетілдіретін орынға айналуы тиіс. Мұндай ұсынысты Дағдарыс орталықтары одағының төрайымы Зульфия Байсақова айтып отыр. Оның айтуынша, ресурстық орталық соттан бөлек қызмет ету қажеттігіне тоқталды. Яғни, неке қию туралы куәлік алатын жерде де тәуелсіз институт ретінде жұмыс істеу керек деген ойда.