Қорғаныс министрі: Халықтың ештеңе уайымдамай, тыныш ұйықтауына болады

20.04.2022 21:46
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Еліміздің Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Мәжіліс отырысынан кейін тілшілердің "Қазақстан соғыс бола қалған жағдайға дайын ба?" деген сауалына жауап берді.

Министрдің айтуынша, халықтың қорғаныс саласына қатысты уайымына еш негіз жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі Экспресс К сілтеме жасап.

"Біз өз мемлекетімізді қандай жағдай болмасын қорғауымыз керек. Өткенде ғана "Батыл тойтарыс" деген оқу-жаттығу жиындарын аяқтадық. Қазір талдау жүргізіп жатырмыз. Қазақстан халқының ештеңеге алаңдамай, тыныш ұйықтауына болады", - деді Руслан Жақсылықов.

Сонымен қатар министр әскери шеру өткізуге қатысты сауалға жауап берді. Жақында ведомство алдағы 7 және 9 мамырда ешқандай шеру болмайтынын хабарлаған еді.

"Шеру өткізу - патриоттық сезімді көрсетудің бір жолы. Бұған дейін пандемия болғанын білесіздер. Сондықтан қажеттілік болмады. Ал қазір біз жауынгерлік әзірлікті арттырумен айналысып жатырмыз. Келесі жылы экономикалық жағдайымызға байланысты қараймыз", - дейді ол.

Руслан Жақсылықовтың айтуынша, бір әскери шеру өткізуге 4 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады.