Келер жылы 37 мыңнан астам қызметкер арнайы төлем ала алады. Қолдау қаржысы 208 мың теңгеден басталмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биылдың өзінде жыл басынан бері республикалық бюджеттен төленетін барлық жәрдемақы мөлшері 8,5 пайызға көбейген. Бастама шарапатын бүгінде 2 млн-нан астам қазақстандық көріп отыр. Мұнымен қоса, ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға тағайындалған төлем тағы 14,5 пайызға ұлғайтылды. Әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған ілкімді істерді сала министрі Светлана Жақыпова хабарлады.
– Отбасының цифрлық картасын енгізудің арқасында осы жылдың бірінші қаңтарынан бастап 795 мыңнан астам адам мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS-хабарлама алды. Бұл ретте 313 мыңнан астам адам жәрдемақы немесе төлемді өтінішсіз алу мүмкіндігін пайдаланды, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова
Азаматтарды жұмыспен қамту шаралары да биыл белсенді іске асырылған. Нәтижесінде 900 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа орналасқан. Істің көзін тауып, кәсіп ашуға ниетті осал топтағы 9 мыңнан аса азаматқа мемлекеттік грант табысталды. Берілген көмектің сомасы – шамамен 1 миллион 300 мың теңге. Кәсіпкерлік саласында жастарға қолдау көрсетіліп келеді. 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас бизнесмендерге 2,5 пайыз жеңілдікпен несие берілген.
– 5000-нан астам микрокредит берілді. Министрлік әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, жұмыспен қамту, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және көші-қон саясатын реттеу бөлігінде әлеуметтік еңбек саласын дамыту бойынша белсенді жұмыс істеуді жалғастырады, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Оқи отырыңыз: Халық қатысатын бюджет: «Мамыргүл бағы» ел игілігіне берілді