Африка мен Азияның бірнеше елінде банк ашқан қазақ жігіті кім

23.12.2021 21:47
turkystan.kz

Жәнібек Мақсат – 200 миллионнан астам тұрғыны бар Индонезия, Нигерия секілді алып елдерде банк ісін ілгерілетуге көмектескен білікті маман. Ол тұтас мемлекетте тоқырап тұр­ған қаржы секторына жаңа серпіліс беріп, әр жерде филиалдардың ашылуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына сеп­тігін тигізген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі turkystan.kz-ке сілтеме жасап.

Қандай жоба жүргізсе де, көз­деген мақсатына жетпей тынбайтын ол кейінгі 6 жылда Мьянмар елінде жұ­мыс істеп жүр. Биыл ақпан айында елде бол­ған әскери төңкеріс салдарынан онда жұ­мыс істеу қанша қиын болса да, ол жақ­тағы жұмысын тастап кете алмайтынын, қо­лас­тындағы 600-ге жуық қызметкер ал­дында жауапкершілік сезінетінін айта­ды. 

«Біз мектеп бітірген жылдары Баян-Өл­гейде жас түлекке жөн сілтеп, жол көрсетіп, ба­ғыт-бағдар беретін ешкім болмады. Ин­же­нердің жұмысына қан­­ша қызықсақ та, фаб­рика-зауыттар аз болған­дық­тан, оны ке­ле­ше­гі жоқ мамандыққа теңедік. Ал қар­­жы­гердің оқуын оқып алсам, кемі бір жерде есеп­­ші болып жұмыс істеп, күн көремін деп ой­­ла­дым. Сөйтіп, Моңғолия ұлттық тех­ни­калық университетінде қаржы менеджменті мамандығы бойынша білім алдым. Универ­ситетті үздік бітірген соң, кредит берумен ай­налысатын неміс компаниясының 20-ға жуық экономист іздеп жатқанын естіп, ком­пания өкілдеріне хабарласып, ақырында 4 кезеңнен тұрған сұхбаттасу процесінен мүдір­мей өттім. Бірінші болып өткендерді Әзер­байжанға 14 күнге жалғасатын тре­нинг­ке жіберетін болды. Моңғолиядан ары асып көрмеген мен сол кезде 25 маманмен бірге бірінші рет шетелге шықтым. Тренинг кезінде көпшілік орыстілді аудармашының көмегіне жүгінді. Ал мен моңғол-түрік лицейінде түрік тілін жетік меңгергендіктен, ешкімнің кө­мегін қажет етпедім. Оған қоса, мені бір топ­қа жетекші етіп қойды. Оның үстіне, аудар­машылар жетіспегендіктен, басқа топтағы мамандарға да көмектесіп, көрген-естігенімнің барлығын мұқият түсіндіріп жүрдім. Мұның барлығын сырттан бақылаған немістер «Әзербайжанда қалғың келмей ме? Сен секілді жастардың көмегімен түрлі жоба іске асырғымыз келеді» деп ұсыныс айтты. Осы­лайша, Әзербайжанның ең үлкен банк­терінің бірі саналатын Access Bank-тің жаңа­дан ашылатын филиалдарына консал­тинг қызмет көрсететін кеңесші болып жұмысқа тұрдым. Басшылық қол астыма 7-8 жасты бі­рік­тіріп, оларға кредит беру, анализ жа­саудың әдістерін үйретуді тапсырды. Жалпы, банк басшылығының ұстанымы осылай: тіс қаққан маманнан гөрі, тәжірибесі жоқ, университетті күні кеше бітіргендерді жұ­мысқа алғанды құп көреді, өйткені тәжіри­белі маманды үйренген нәрсесінен ажыратып, жаңашылдыққа өзгерту қиын деп есептейді. Әзербайжанда жұмыс істеген үш жылда үш қалада филиал ашуға көмектестім. Одан бөлек, Әзербайжанның шығыс жағындағы аймақта банк әзірлеп шығаратын өнімді дамыту бойынша менеджер қызметін атқар­дым. Басшылық осындағы жоба аяқталған соң, Халықаралық қаржы корпорациясының қолдауымен Индонезияның Ява аралында ашылған шағын банкті дамыту жұмысына атсалысуға шақырды. Оған дейін ағылшын тілін керек етпеген мен Индонезияға келген кезде біраз қиналғаным бар. Сосын Индо­не­зия тілінде жалғау я жұрнақ болмағандықтан, ол тілді тез үйреніп алдым. Оған қоса, олар­дың үлкені де, кішісі де – инабатты, кішіпейіл. Жұмыс істеуде еш қиындық тудырмайды. Осындай керемет ортада жұмыс істеген бір жарым жылдың ішінде жобамыз үлкен табыс әкел­ді. Ол жақтағы жұмысты сәтті аяқта­ған­нан кейін басшылық мені Ямайкаға жібер­мек­ші болды. Бірақ виза алу үшін үш ай күту ке­рек болғандықтан, ол жобадан бас тарттым. Со­дан соң Африканың Нигерия қаласына барып жұмыс істеу туралы ұсыныс келіп түсті», – дейді Жәнібек Мақсат.

Оның айтуынша ха­лық ең көп қоныстанған, талай жылдан бері тыныштығы қашып, дүрбелең тын­шымай тұрған Нигерия еліне барып жұ­мыс істеуге бірден келіспеген.

«Индонезияда қызметтес болған неміс әріп­тесім Нигерияда шағын банктің ашыл­ғанына 3 жыл болса да, жұмысы ілгерілемей тұр­ғанын айтып, жаңа филиалдар ашуға жауап­ты менеджер қызметін ұсынды. Ниге­рия – Африкадағы халық ең көп қоныстанған ел (210 миллионға жуық адам – Ред.). Қазба бай­лықтарға, оның ішінде мұнайға бай мем­лекет, бірақ халқы кедей тұрады. Ел басқару механизмі дұрыс жолға қойылмағандықтан, бүгінге дейін қақтығыстан көз ашпай келеді. Ұсыныс келіп түскенде Нигерияда жұмыс істе­ген танысым су тапшылығы болатынын, жа­рық жиі өшіп қалатынын, сондай-ақ қауіп­сіздікті сақтауда көп қиындық бар екенін айтты, бірақ осының барлығына шыдасам, әлемнің кез келген елінде жұмыс істей алатыныма сендіріп, жігерлендіріп қойды. Сөйтіп, 2011 жылғы сәуірде отбасыммен Нигерияның 20 миллионнан астам халқы бар Лагос қаласына көшіп бардым. Ол жерде то­ғыз филиалға бөлінген, жүздеген қызметкері бар шағын банкті жетілдіру ісіне атсалысып, бар­лық филиалды бақылауға жауапты бол­дым. Қай жерден филиалдар ашуға бола­ты­нын зерттеп, тренингтер өткіздім, бәсе­ке­лес­тердің ұстанған стратегияларын бағамдаумен айналыстым. Үйренушілердің біліктілігін екі апта кабинетте, екі апта базарда тексеріп, олар­ды көп нәрсеге үйреттік. Негізі, ниге­рия­лықтар еңбексүйгіштігімен, табандылығымен ерекшеленеді. Олармен бірлесе жұмыс істеген екі жылдың ішінде 18 филиал ашып, қыз­меткер саны 400-ге жетті. Жоба аяқталар уақытта бар білгенімізді жергілікті ма­мандарға үйретіп, қауырт жұмыстың тізгінін соларға ұстатып кеттім. Алайда Африканы ұнат­қаным соншалық, осында тағы біраз уа­­қыт жұмыс істеп көргім келді. Басшылық ке­­лесі жоба басталғанша Моңғолияға қай­тып, алты ай күте тұруымды сұраған еді, бірақ алты ай қол қусырып бос жүру менің та­­би­ғатыма жат, сондықтан жұмыс қарас­тыра бастадым. Сосын 22 елде филиалы бар аме­ри­калық микроқаржы ұйымы өкіл­дері­мен байланысып, бір айға созылған сұх­бат­тасу процесінен кейін Оңтүстік Африкада ор­наласқан Малави еліне жұмысқа жіберіл­дім. Мен барған кезде кредит беретін шағын ұйым депозит салатын банк дәрежесіне кө­тері­ліп, басшылық ұлттық банкке өтініш беріп, үлкен өзгеріс болғанын күтіп жүр екен. Сон­дықтан келе сала ұлттық банктің талап­тарына сәйкес көп процедураны өзгертуім керек болды. Одан бөлек, Замбия, Танзания ел­деріне барып, ондағы филиалдарда іске асырылатын жобаларды жүргізуге атса­лыс­тым. Келісімшарт аяқталып әрі арада түсі­ніс­пеушілік пайда болған соң, жеті жыл сыртта жүр­геніміз жетер деп Моңғолияға барып тұрақ­тауды ұйғардық. Десе де, біршама елдегі банктен ұсыныс көптеп түсті. Солардың ара­сынан түркиялық Şekerbank пен Еуроодақтың Газиантеп қаласында төрт айға жалғасқан, шағын бизнеспен айналысатын әйелдерге кре­дит беру жобасын жүргізу ұсынысын қабыл­дадым. Түркияда жұмыс істеп жүргенде Африкада қызметтес болған украин әріптесім хабарласып, сингапурлық мамандардың Мьян­мар еліне барып бірге жұмыс істеуге мені шақырып жатқанын айтты», – деді ол.

Мақсат биыл жазда отбасын Қазақстанға кө­ші­ріп әкелді. Ол қазір 3 ай Мьянмардағы кең­седе, 2 ай елде онлайн форматта жұ­мыс істейді. 

«Бірақ компания ашылған күн­нен бастап қарқынды жұмыстың басы-қа­сында болған соң барлығын орта жолдан тас­тап кеткім келмейді. Оған қоса, басшылық пен инвесторлар маған сенім артып отыр. «Қандай жағдай болса да қаймықпаңдар. Тіпті, болмай бара жатса тікұшақ жіберіп ал­дыр­тамыз» деп үнемі қолдап отырады. Содан соң «қуанышты сәтте қасымнан табы­ла білдіңіздер, бірақ сіздер осындай қиын­дыққа тап болғанда мен өз жөніммен жүре берейін, ренжімеңіздер» деп айтуға дәтім бар­майды. Адамгершіліктен аттап кете ал­май­мын. Оның үстіне, қазір менің орныма басқа маман табу қиын, бұл лауазымға маман табу үшін кемі 3-4 ай уақыт кетеді. Оған қоса, қазір жұмыс қызып тұр. Бұрын бейбіт заман­да жұмыс істегенде қызметкер түсінбеген сұрақты қасына барып түсіндіретін едім не­месе бірге істей салатынбыз. Ал қазір он­лайн форматта барлығын бақылап отыру қиын. Жоғарыда айтып өткендей, мен бас­шылық ететін бөлімде 600-ге жуық қызметкер ең­бек етеді. Олардың алдында да жауап­кер­шілікті сезінемін. Бірақ мен Мьянмарда мәң­гілік тұрмаймын ғой. Ондағы дағдарыс үш немесе алты айға жалғасуы мүмкін. Әлбетте, бар­лығы түзелген соң Қазақстанда тұрақты жұмыс істегім келеді. Байқағанымдай, қазір банктердің мобильді қосымшаларын қолдану дұрыс жолға қойылған. Бірақ әлі де істелетін жұмыстар баршылық. Халықтың 70 пайызы тек бір банкпен жұмыс істейді. Бұл – үлкен қауіп-қатер. Қаржы көзін табуды білетін адам­дар бір ғана банкпен жұмыс істемейді. Со­сын біз тек кредит беріп қана қоймай, биз­нес-жоспары бар клиенттерге түрлі мүм­кіндік ұсынамыз. Елде де солай істеуге болады. Кәсіпкерлер кредит алуға қорқақ­тайды, ал кейбірі кредитті алып алған соң, тиімді жұмсаудың жолын білмейді. Осы және өзге сұрақтар бойынша бар білгенімді бөліс­кім келеді. Мьянмардағы жұмысты абырой­мен аяқтаған соң мұны да іске асырармын. Бастысы, отбасым елге оралды, балаларым қазақтілді ортада өсіп жатыр. Әжем «қазақтан қыз ал, Қазақстанға бар» деп үнемі айтқандай, 15 жыл сыртта жүріп, ата­жұртқа қоныс ау­дар­ғаныма қуаныштымын», – дейді Мақсат.