Оқырман назарына 500-ден аса әдебиет ұсынылды
Бүгін Ұлттық кітапханада Абай әдеби орталығы салтанатты түрде ашылды. Шараның мақсаты – Абай Құнанбаевтың рухани мұрасын кеңінен насихаттау, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Абай туралы материалдарды ашық әрі қолжетімді ету үшін, кітап ордасының төрт бөлімінде, көрме ұйымдастырылыпты. Оқырман назарына бүгін 500-ден аса әдебиет ұсынылған екен.
Көрмеде Абайдың ең алғашқы рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген шығармалар жинағымен танысуға болады. Төте жазумен басылған кітап, бұл кітапхананың ең сирек кездесетін кітаптар қорында сақталған. Дәл осы сияқты 1922 жылы екінші рет басылып шыққан кітапты да осы көрмеден келіп қарауға болады.
Ұлттық кітапханада Абай туралы және оған қатысты 10 мыңнан астам мәлімет, еңбек бар. Ал «Абай әдеби орталығындағы» еңбектер лирика, қара сөз, аударма деп үш жүйеге жіктелген.
«Содан кейін біздің көрмеде Абайдың музыкалық мұрасын насихаттау үшін Абайдың толық өлеңдер жинағы, оның грам-пластинка түрінде және де электрондық нұсқалары да тұр», – деді ҚР Ұлттық кітапханасының топ жетекшісі Құттықыз ҚАСЫМБЕКОВА.
Бүгінде Абай шығармаларын қайта аудару мәселесі көтерілуде. Осыған орай пікір білдірген жазушы Смағұл Елубай осыдан он бес жыл бұрынғы оқиғаны еске алды. Ол, ақынның шығармалары, кезінде қытай тіліне дұрыс аударылмай, қытай тілін жетік білетін зиялылардың аудармаға қатысты наразылығын тудырғанын тілге тиек етті.
«Осы қателік қайталанбау керек. Науқаншылдыққа салынып, он тілге аударамыз деп, Абайды омақастырып алмауымыз керек. Абай жолы - Алашты адастырмайтын жол. Қазақты дамуға, өркендеуге, ұлт болып ұйысуға алып баратын кемел халықтың жолы деп білеміз», – деді жазушы, кинодраматург Смағұл ЕЛУБАЙ.
Сондай-ақ ,кітапханадан Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының барлық тілге аударылған басылымдарын да таба аласыз.
«Абай жолы» романын қайта оқу керек. Кезінде Кеңестік заманда «Абай жолы» романы туралы, ондағы Абай мен Құнанбай бейнесі туралы дұрыс түсінік берілмеді. Құнанбай қатыгез, жауыз адам ретінде көрсетілді. Егер Құнанбай сондай болса, одан Абайдай ұлы тұлға дүниеге келер ме еді?!», – деді ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Болат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ.