Алматының Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы коронавирустен сақтану шаралары тексерілді

11.03.2020 в 21:47

Аталған мекеме өкілдері орталыққа келмей-ақ кейбір қызметтерді үйден алуға кеңес береді

«Сақтансаң Құдай да сақтайды». Алматыда короновирусқа қарсы сақтық шаралары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Алайда халық көп жиналатын кейбір орындарда індетке қарсы жұмыс әлі де болса жұтаң. Осыдан бірер күн бұрын короновирусқа қарсы қалалық штаб төрағасы Ержан Бабақұмаров дезинфекциялық және антисептикалық құралдармен жабдықтау жұмыстары барлық ұйымдарда аяқталмағанын сынға алған болатын. Almaty.tv тілшісі қаламыздағы халыққа қызмет көрсету орталығының біріне бас сұғып, жағдайды өз көздерімен көріп қайтқан еді.

69 жастағы қала тұрғыны Күләш Сансызбайқызы мұрагерлік құжаттарын жасату үшін халыққа қызмет көрсету орталығына келген. Айтуынша, халық көп жиналатын орындарда тұрғындардың қауіпсіздігі үшін еш санитарлық жағдай қарастырылмаған. Тым болмағанда қолды тазалалайтын антисептикалық заттар қойылса дейді.

«Кірген кезде де, шыққан кезде де қолдарымызды шаятын антисептикалық заттар болуы керек еді. Мен жаңа кірдім бірде-бір нәрсе жоқ. Ол да дұрыс емес деп ойлаймын. Теледидардан «бүгін келеді, ертең келеді» деп қорқытады. Қорқытқанша, адам көп жүретін жерлерге қолдандырып түсіндіргенде дұрыс болатын еді», – деді қала тұрғыны Күләш ӘБДИЕВА.

Қала тұрғындары жұқпалы ауру туралы ақпараттарға қанық. Әлеуметтік желілер мен теледидардан естіп, біліп отырмыз дейді. Алайда кейбір мекемелерде дертке қарсы сақтық шаралары ойластырылмаған. Антисептикалық заттарды кейбір адамдар өзімен бірге алып жүргенімен, ауруды елемейтіндер де баршылық деген пікірде.

«Қазір көріп тұрғандай, ешқандай сақтанатын медициналық спирт жоқ. Халықта өзінің қамын ойлап күнделікті тіршілік жұмысы үшін келеді. Мысалы мен жеке куәлік ауыстыруға келдік. Куәліксіз тағы болмайды», – деді келушілердің бірі.

«Негізінде антисептик әр бұрышта болса. Мәселен,  ғимараттардың кіре беріс немесе шыға берістерінде», – деді бірі.

«Маска тағып жүрміз. Үйде бала-шаға бар. Бірінші қолды жуу керек. Маска тағу. Көп адам жүретін жерлерден қашу керек. Негізі. Амал жоқ келіп тұрмыз енді», – деді үшінші бірі.

Аталған мекеме өкілдері орталыққа келмей-ақ кейбір қызметтерді үйден алуға кеңес береді. Себебі, электронды үкімет порталындағы қызметтердің 90 пайызы қолжетімді. Ал, антисептикалық заттар мен басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып алу үшін тиісті орындарға хат жазылғанын жеткізді.  

«Жақын арада Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша халық көп жүретін жерлерде сақтық шараларын күшейту жөнінде тапсырма түскен болатын.  Осыған байланысты біздің Алматы қаласы филиалы біздің астанадағы бас мекемеге хат жазылды кешегі күні. Керекті құрал-саймандарды алу үшін», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының өкілі Жаңыл АМАНТАЙҚЫЗЫ.

Дәрігерлер де қоғамдық орындарға барған тұрғындардың жеке бас гигиенасын сақтауына кеңес береді. Яғни, халық көп жиналатын орындарда болсаңыз аузыңыз бен мұрныңызды және қолыңызды жақсылап жуып тұрғаныңыз абзал. Өзіңізбен бірге антисептикалық заттарда қоса алып жүрсеңіз тіптен жақсы.

Қуан Нұрақын, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» телеарнасы