Облыста қызылша өсірумен 600-ге жуық шаруа қожалығы айналысады
Жетісу облысындағы «Ақсу», «Көксу» зауыттары қант қызылшасын қабылдай бастады. Шаруалар тәтті түбірдің әр тоннасын 40 мың теңгеден сатуға көшкен. Оның 25 мың теңгесін мемлекет субсидия ретінде төлеп беріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл жетісулық диқандар 600 мың тоннадан аса тәтті түбір жинауы мүмкін. Артылған үміт солай. Өнім жылдағыдан мол болғандықтан, биыл шекер шығаратын зауыттар да өндірістік қуатын ұлғайтқан. Осы маусымда «Ақсу» зауыты 325 мың тонна, «Көксу» 250 мың тонна шикізат қабылдауды жоспарлап отыр.
– Таңғы сағат 8:00- ден кешкі сағат 20:00-ге дейін қақпамыз ашық. Түнімен қабылдаймыз. Бір көліктің кіріп, шығуына 20 минут уақыт кетеді. Шаруалар қызылшаны тасып біткен соң бухгалтерияға құжаттарды тексерген соң, 10 күн ішінде ақысын төлейміз, – деді «Көксу» қант зауытының директоры Алтынбек Абатов.
Былтырдан бері облыста қант қызылшасының алқабы екі есе артқан. Диқандар биыл оның аумағын 13 мың гектардан асырып отыр. Бұған шаруаларға мемлекет тарапынан берілетін демеу қаржы көлемінің өсуі әсер еткен. Сондай-ақ ерте көктемнен бері жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқыш, су да субсидияланған.
– Мемлекет тарапынан уақытылы субсидия беріліп, көмек көрсетілгенінің арқасында жақсы өнім алып отырмыз. Қант қызылшасын биыл 120 гектарға ектім, былтыр гектарына 90 тоннадан өнім жинадым, биыл одан да мол болмақ, – деді шаруа қожалығының жетекшісі Таяр Зейналов.
– Мемлекет тарапынан 25 мың теңге әр тоннаға беріледі, зауыт 15 теңгеден сатып алады, қант қызылшасының 1 тоннасы 40 мың теңге болады, – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Облыста қызылша өсірумен 600-ге жуық шаруа қожалығы айналысады. Олардың дені биыл егіс алқабына жаңа технология енгізген. Бірақ әзірге әр гектардан қанша тоннадан өнім шыққаны белгісіз. Өйткені шаруалар тәтті түбірді жинауға жуырда кірісті.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Қауіпсіз қала: Алматы көшелерінде дабыл түймелері орнатылады