Ат қою үшін әлеуметтік желіде байқау жарияланған
Алматы хайуанаттар бағындағы Гималай аюының қонжығына Яссури деген есім берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұған дейін оған ат қою үшін әлеуметтік желіде байқау жарияланған болатын. Тұрғындар өз нұсқасын ұсынған. Нәтижесінде Яссури есімі көп дауыс жинапты. Қонжық 18 қаңтарда туған еді. Қазір төрт айлық жабайы аң мамандардың ерекше қарауында. Анасы өз қонжығына ерекше мейірім көрсетіп, өсіріп келеді дейді қызметкерлер.
«Алғашқы кезде ол өзінің қонжығын көрсетпеуге тырысты. 2-айдан кейін біз көре бастадық», – деді «Алматы хайуанаттар бағы» КМҚК бөлім меңгерушісі Дәурен Кенжебаев.
Алматыдағы зообаққа Гималай аюлары өткен жылы Ресейден әкелінген. Бұл - аюлар жұбындағы тұңғыш төл. Сүйкімді жануардың видеосы әлеуметтік желіге жарияланғаны сол еді, көпшілік қызығушылық танытып, түрлі пікір қалдырып жатыр. Арнайы көруге барған қала тұрғындары мен қонақтары да аз емес.