Фестиваль аясында шеберлік сыныптары да өткізілді
Алматыда 150 демалыс орталығы балаларға арналған тегін бағдарламаларын ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Jas fest жастар фестивалі аясында ата-аналар өз үйі маңынан қалаған үйірмені таңдап, оған жазылуға мүмкіндік алды. Шараға 3,5 мыңнан аса адам қатысты.
Қолөнерші Мұрат Идінов балаларға пластилиннен мүсін жасауды және сурет салуды үйретеді. Өнер десе ішкен асын жерге қояды. Бүгінде өз бала-шағасы да осы саланы меңгерген. Ал ұстаз түлеп ұшқан шәкірттерінің алды колледжге түскенін айтады. Сурет салуды ұнатқан оқушылары болашақ мамандығын өнермен байланыстырыпты.
«Бұл жердегі мақсатымыз – балаларды үйірмеге шақыру. Бұл жерде бізде сурет, мүсініміз бар. Сол тегін оқытып, үйретеміз. Жасалуы, өлшем, техникасы біздегі балалар өте қызығады. Көп келеді», – деді Jas fest демалыс орталығының ұстазы Мұрат Идінов.
Бұл – мың бұралған бишілерді дайындайтын орталықтың өкілдері. Костюмдері көздің жауын алады. Алатау ауданында бұл үйірме ашылғалы 100-ден аса тәлімгер би билеуді үйренген. Ал тең жартысы өздеріне костюм тігуді меңгеріп алыпты. Қазір мұнда мыңнан аса ұлттық нақыштағы костюм қоры бар.
«Біздің орталықта қыздардың барлығын биге үйретеміз. Өздеріне киімді тігуді де үйретеміз. Ине-жіпті қалай ұстауды үйретеміз де, соларды өздері тігеді», – деді «Ханшайым» демалыс орталығының жетекшісі Ғазиза Нұрғалиева.
Ұйымдастырушылар фестиваль арқылы Алматы тұрғындарына тағы бір мәрте тегін үйірмелердің бар екенін көрсеткісі келген. Ата-ана баласының қалауына қарай кез келген секцияға тегін жазылуға мүмкіндік алды. Бос уақытын тиімді пайдалансын деген мамандар тіпті заманның ағымына қарай жаңа үйірмелерді де ашқан.
«150 демалыс орталығында 350 секцияға дейін қазір ашылған. Бірақ әрдайым бір секция ашылады, бір секция жабылады. Жастардың талабына байланысты біз өзгертіп отырамыз. Мысалы қазіргі таңда соңғы 1 айда біз тик ток тренд болып жатыр. Біздің идея тик ток орталығын ашсақ. Өйткені, жастарды қалай тартасың. Мобилаграфия, робототехника өздеріңіз көріп тұрсыздар 3 D принтерлау бар», – деді Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры Азиз Қажденбек.
Фестиваль аясында шеберлік сыныптары да өткізілді. Бұл тәлімгерлерге ұсынылған үйірмелер ішінен ұнағанын табуға мүмкіндік береді.
Жадыра Омаржан, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы