Жаз мезгілінде бірнеше рет өртке оранған бұл жердің иесін 10 жылдан бері кім екенін ешкім білмейді
«Әлмерек» ықшамауданының тұрғындары күн батса көшеге шығудан қалдық деп отыр. Қараусыз жатқан жер қаңғыбас иттер мен ұры қарының жиналатын мекеніне айналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Балаларымыз мектептен қайтқанда жанымызды шүберекке түйіп отырамыз дейді. Ал, бос жатқан жерде адам бойынан асып кететін қураған шөп қаптап кеткен. Онымен қоса, бес жыл бұрын қала аумағына кірген бұл ықшамауданда көше әлі күнге дейін жарықтандырылмаған.
«Жабай иттер қаптап жүр. Ит атқыштар келеді де, атпай кетеді. Қолдарында шалма бар кәдімгі бұзау ұстайтындай. Оған ит келсін бе қасына. «Ауладым» деп, анда-мұнда келіп бір ит ұстап кетеді. Былайғы күндері қаптап жатқан иттер. Жабайы иттер. Балаларды қауып алса, құтыру пайда болуы мүмкін ғой», – дейді Наханбай КЕНЕНБАЕВ.
Жаз мезгілінде бірнеше рет өртке оранған бұл жердің иесін 10 жылдан бері кім екенін білмейміз дейді. Тұрғындар көшеде жарық болса жағдай басқаша болар ма еді дегенді алға тартады. Күн ұясына батқанда қара түнекке айналатын бұл маң, ұры қарының да май шелпегі болып тұр.
«Ұрлық көп Көршілерімізді жаздай неше рет тонады. Жұмысқа кеткенде, терезеден түсіп, тонап кеткен», – деді бір тұрғын.
«Әлмерек» ықшамауданы 5 жыл бұрын қала аумағына кірген. Десе де, мұнда қордаланған мәселе әлі де шаш етектен. Қараусыз қалған жер мен жарықтандыру мәселесінің мән-жайын анықтауға Түрксіб аудандық әкімдікке бет бұрдық. Ондағылар, әдеттерінеше жарықтандырудың құжаттары әлі дайындалып жатыр деп жауыр болған жауаппен құтылды. Ал, бос жатқан жер облыстық әкімдікке қарайды деп шығарып салды.
«Ол ықшамауданның Мәңгілік ел көшесі ең шеткі көше болып саналады. Мәңгілік ел көшесінен кейінгі жер Алматы облысына қарайды», – деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Болат БАЙДІЛДАЕВ.
«Әлмерек ауылы 2014жылы Алматы қаласының Түркісіб ауданына өтіп кеткен. Тек ол жерде Әлмерек бабаның кесенесі тұрған жер ғана Алматы облысы, Талғар ауданы, Гүлдала ауылдық округіне қарамағына қарайды. Мәңгілік ел көшесі туралы мағлұмат жоқ», – деді Алматы облысы Талғар ауданы Гүлдала ауылдық округы әкімінің орынбасары Меруерт АЗИЛКИАШОВА.
Осылайша, қос тарап жауап беруден жалтарды ма, болмаса әлі күнге дейін бұл жерді керек қылмай отыр ма, әйтеуір бір-біріне сілтеді. Бірнеше гектар қара жердің кімге тиесілі екені әзірге жұбақ күйінде қалып отыр.
Арнат Дүйсен, Валерий Таубалдиев «Алматы» телеарнасы