Алматыда жас ғалымдардың халықаралық онлайн-форумы басталды

26.10.2020 23:17

«Нұрсұлтан Назарбаев» қоры ұйымдастырған бұл жиын өз жұмысын алты секция бойынша жүргізеді

Almaty.tv

Бүгін «Назарбаев моделі» – ХХІ ғасырдың талаптарына стратегиялық жауап» атты жас ғалымдардың халықаралық онлайн-форумы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Нұрсұлтан Назарбаев» қоры ұйымдастырған бұл жиын өз жұмысын алты секция бойынша жүргізеді. Онда  жаһандық індет кезеңіндегі құқықтық мәселелер, денсаулық сақтау жүйесінің өзгерістерге әсері, пандемия кезіндегі цифрландыру және «ХХІ ғасырда Еуразиялық кеңістіктегі Қазақстан» сынды мәселелер жан-жақты талқыланбақ. Бес күн бойы жалғасатын форумға онлайн форматта 15 елдің ғалымдары қатысады.

«Бұл форумда барлығымызды жаңа қызықты ақпарат күтіп тұр деп ойламын. Себебі жастар қазіргі замандағы түрлі мәселелер мен оның шешімін ойластырды. Сондай-ақ, бұл жастар форумы болса да, еліміздің бірінші басшылары үлкен қолдау көрсетіп отырғанын атап өткім келеді», – деді  Нұрсұлтан Назарбаев қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов.

Ал еліміздің Конституциялық кеңесі бұл жиынға үлкен қолдау көрсетуде. Өйткені әлемнің түкпір-түкпірінен қатысып жатқан білімді жастар әрбір елдің жарқын болашағының кепілі дейді.

«Қазақстан Республикасының Конституциялық кеңесі «Нұрсұлтан Назарбаев» қоры ұсынысын қуанышпен қабылдады. Өйткені ынталы жастар кез келген ұлттың бәсекеге қабілетті болуы ұтымды тұсы», – деді ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми.