«Несиені кешіріп, үйімізді қайтарсын»: Алматыда ондаған адам «Nur Otan» ғимаратына жиналып, талаптарын айтты

21.05.2019 21:50

Партияның Алматы филиалы азаматтардың өтінішін жауапты органдарға жолдайтынын айтты

Азаттық

2005-2009 жылдар аралығында ипотекалық несие алып, оны төлей алмаған азаматтар бүгін Алматыдағы «Nur Otan» партиясының ғимаратына жиналды, деп хабарлайды

Almaty.tv тілшісі.

Келгендер банктердің тартып алған үйлерін қайтарып беруін, сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасылардың қарызы кешірілуін өтінді. Жиналғандар сот жүйесін реформалау мен жеке сот орындаушылардың қызметін алып тастау керектігін де алға тартты. «Nur Otan» партиясының Алматы филиалының өкілі азаматтардың өтінішін жауапты органдарға жолдайтынын айтты.  

«Кездесудің соңында Алматы қалалық филиалы бұл қойылған сұрақтарды «Nur Otan» партиясының басшылығына жеткізуге уәде бердік. Ары қарай біз оны қадағалап, бақылап отырамыз. Әрине, біз бұл сұрақтың шешілуіне мүдделіміз және оған қолымыздан келгенше көмегімізді аямаймыз», – «Nur Otan» партиясы Алматы қаласы филиалының өкілі Борис ЖАПАРОВ.

Ал, осы «Nur Otan» партиясынан Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің студенттерімен кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасын таныстырды.  

«Балаларға болашақ ашық. Инвестиция болады. Жұмыс беріледі. Тек жақсы оқып,  жақсы маман болу керек. Сондықтан балаларға «Өз болашақтарың үшін дауыс беріңдер», – деп айтып отырмын. Бізге тұрақтылық керек. Сонда ғана қоғам қарыштап дамиды», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қалалық қоғамдық штабының басшысы Рахман АЛШАНОВ.