Петропавлда көмір таппаған тұрғындар қоймаларды жағалап жүр

07.10.2021 03:18

Өңірде сынап бағанасының төмендегеніне біраз күн болды

Еліміздің ең солтүстік өңірінде көмір тапшы. Күн суытып, тұрғындар үйін жылыта алмай, көмір түсіретін қоймаларды жағалап жүр. Петропавлда сынап бағанасының төмендегеніне де біраз күн болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Петропавлдағы қоймаларда Екібастұз және Майқұбадан 550 тонна көмір бар. Оған сұраныс болмай, тұрғындардың көбі Шұбаркөл мен ұзақ жанатын Қаражыра көмірін күтіп жүр. Оның 7 вагоны жақында әкелініп, бірден сатылып кеткен.

«Мүмкін, қазір сондай кезең шығар. «Қыстың қамын жазда ойла» деген бар ғой. Ертерек қимылдау керек еді. Сонда кезек болмас еді. Мамыр айынан бастап көмір келе бастайды, сол кезде бірден сатып алу керек еді», – деді қала тұрғыны Ермек Әубәкіров.

Тұрғындардың көбі көмірге таңертеңнен келіп, кезекке тұрады. Бірақ қатты отынсыз үйге қайтатындар аз емес.

«Көмір алмадым. Үш-ақ вагон әкелді, не болғанын көрдіңіздер ғой. Көбі мына жағдайды көрді де, бірден кетіп қалды. Өзім таңертең келдім. Кейбіреулер таңғы 5-6 кезінде келіп алады. Қоймада қонатындар да бар», – деді қала тұрғыны Ренат.

Әкімдіктегілер тұрғындардың уайымына себеп жоқ дейді. Олардың сөзінше,  жақында  Петропавлдағы көмір қоймаларына Қаражырадан 1820 тонна, Шұбаркөлден 700 тонна және Майқұбадан 350 тонна көмір жеткізілмек. «Қара алтынның» кешігуінің өзіндік себебі бар көрінеді.

«Көмір жетіспеушілігі вагондардың кеш жеткізіп жатқанынан болды. Сол үшін біз «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамына осы мәселені шешуді сұрап хат жолдадық», – деді СҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Евгения Островская.

Қатты отын Петропавлға жылыту маусымы аяқталғанша жеткізілетін болады. Қазан айында Шұбаркөлден 7 мың тонна, Қаражырадан 8 тонна көмірі келеді деп күтіліп отыр. Ал тұрғындар қажеттілігі 400 мың тонна көмірді құрайды.

Алина Нұртазина, «Алматы» телеарнасы, Петропавлдан