Алматылық еріктілер мұқтаж азаматтарға жәрдем беруді жалғасуда
Алматылық еріктілер мұқтаж азаматтарға жәрдем беруді жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олар күніне жүзге жуық көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға қажет заттарды жеткізіп береді. Бұл жолы еріктілер кезекті азық-түлік себетін балалар үйінің түлектеріне үлестірді.
Төтенше жағдай кезінде мемлекет пен «Birgemiz» қоры мұқтаж отбасыларға қарқынды көмек көрсетіп келеді. Осындай үлкен істердің атқарылуына еріктілердің де еңбегі зор. Олар күн сайын антисептик, азық-түлік және бетперде таратуда. Жақсы істің жаршысы болып жүрген жандар балалар үйінің түлектеріне арнайы барды.
«Мұндай қиын сәтте жеке жауапкершіліктен бөлек мемлекеттің әлеуметтік қамқорлығы аса маңызды. Коронавирустың салдарынан болып жатқан жағдай халқымыздың ауызбіршілігінің бір екенін көрсетті», – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Вакиль НАБИЕВ.
Шұғыл еріктілер штабында күн сайын жүзге жуық волонтерлар жұмыс істейді. Олардың барлығы төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігін және сақтық шараларын түгел меңгерген. Олардың сөзінше көмекке мұқтаж азаматтардың ешқайсысы қалыс қалмайды.
«Біз шаһардағы болып жатқан жағдайға байланысты қала тұрғындарын сабыр сақтауға шақырамыз. Азық-түлік себеті мұқтаж жандардың барлығына жеткізіледі. Біз қазір тізім бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Бүгін мысалы кезекте Алатау ауданы тұр. Өздеріңіз білетіндей, бұл ауданда халық көп», – деді «Жастарға жол» қоғамдық қорының президенті Рафаэль ГАСАНОВ.
Күн сайын еріктілер қатарында еңбек еткісі келетіндердің де саны артып келеді. Ол үшін алдымен коронавирусқа сынама тапсыру маңызды. Қатарға жаңа қосылғандардың сөзінше олар қайырымды істен ләззат аламыз дейді.
«Мен құры босқа үйде жатпай карантин кезінде халыққа көмектесіп, көп балалы аналарға мүгедектерге көмектесуге өзімнің ниетіммен келдім», – деді ерікті Жандос ИМАНҒАЛИҰЛЫ.
Еріктілер осы күнге дейін 2000-ға жуық мұқтаж жандарға керегін жеткізіп берген. Олардың атсалысуымен екі жүздей отбасыға медициналық бетперде таратылып, 7 мыңдай азық-түлік себеттері дайындалыпты. Бұған қоса қоғамдық орындардағы тәртіп бұзу туралы арнайы мониторниг жүргізіп, шұғыл қоңырауларға жауап беріп те жатыр.
Қуан Нұрақын, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы