Шешімі бар: Алматы облысындағы су мен жарық зардабы артта қалды

09.08.2024 21:51

Арна тілшілері мәселені көтеріп, қыста құзырлылардан жауап алған соң мәселенің түйіні шешілген

Almaty.tv

Қордаланған мәселе оң шешімін тапты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жарық пен судың зардабын шегіп келген Алматы облысы Бесағаш ауылының халқы осыдан жарты жыл бұрын арнамызға жүгініп, арыз-шағымын жеткізген болатын. Жергілікті билік өкілдері көп ұзамай түйткілдің түйінін тарқатуға кірісті. Осылайша игі істердің ұйытқысы болған арна тілшілері мәселені көпке жеткізіп, оның шешілуіне себепші болды.

Бесағаш тұрғындары бұған дейін қақаған қыста үйлерінде бүрсең қағып отыратынын айтып шағымданған еді. Жұрт жарық пен суға зар болып, мәселенің тездетіп шешілуін талап еткен болатын.

«Жарық күнде, күнара сөне берді. Ол өшсе, бізде жылу да болмайды», - дейді Бесағаш ауылының тұрғыны Айман Сәбденова.

«Осы аумақта су жоқ. Адамдар қанша айтады, ешқандай нәтиже шығып жатқан жоқ», - деді Бесағаш ауылының тұрғыны Тастан Бекболатов.

Арнамыздың тілшілері мәселені көтеріп, қыста құзырлылардан жауап алған болатын. Ғажабы сол, мәселе бір апта болмай шешімін тапты, дейді жұрт. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

«Жарық сөне берген соң, амалымыз жоқ, "Алматы" телеарнасын шақырдық. Содан 1-2 күнде жарық беріліп, жарты жыл өтті, еш туындаған мәселе жоқ», - деді Бесағаш тұрғыны Айман Сәбденова.

Жарықпен қоса, мұндағы су мәселесі де жақсарып қалған көрінеді. Тұрғындардың қалауы бойынша жұмысына селқос қараған мердігермен келісім үзіліп, орнына жаңа компания тағайындалыпты.

«Сіздердің бағдарламадан соң, бір аптаның көлемінде мердігер кетіп, орнына «Бауыр ЛТД» ұйымы келді. Техникалары бар, жұмыс істеп жатыр», - дейді Бесағаш тұрғыны Айман Сәбденова.

Бесағашта шешімін таппаған мәселе әлі де жетерлік. Жауаптылар жұмыстың тездетіп орындалуын бақылауда ұстаймыз деп сендірді. Қоғамның айнасына айналған бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен әлеуметтік маңызды, түйткілді түйіндер шешімін тауып, көпшілікке жетіп жатқаны әрине, қуантады.

Әйкерім Пернебек, Ханкелді Ахметхан, "Алматы" телеарнасы, Алматы облысы