Елімізде педофилдерге берілетін жаза қатаңдатылмақ

18.08.2023 21:51

Биыл азғындық ісі Түркістан облысында 32 пайызға өскен

inbusiness.kz

Елімізде педофилдерге берілетін жаза қатаңдатылмақ. Осы бағытта жұмыс бастадық деген балалар уәкілі Түркістан облысына келді. Соңғы рет Сарыағаш ауданында болған жағдай естіген жұрттың жағасын ұстатқан еді. Прокурорлардың мәліметінше, биыл азғындық ісі Түркістан облысында 32 пайызға өскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түркістан облысында балаларға қатысты қылмыс көрсеткіші көңіл көншітпейді. Жеті айда аймақта кәмелет жасына толмағандарға қатысты заңбұзушылық 27 пайызға өскен. Ал қаршадай балаларды зорлау 32 пайызға көбейіпті. Бұл – аймақ прокурорының айтқан статистикасы. Балалар омбудсмені Динара Зәкиеваның айтуынша, жағдайды түзетудің басты жолы – орталық ашу.

– Сарыағаш ауданында 84 мың балаға тек 14 ИДН қызметкері бар. Түркістан облысында 16 отбасын қолдау орталығы ашылады. Қазіргі таңда Түркістан қаласында 3 орталық қана бар. Әйелдерге балаларға көмек ұйымдастыру үшін бірыңғай көмек орталық құрылады. Анонимді түрде хабарласуға болады, – деді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева.

Түркістан облысында балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылық қатары сиремей тұр. Мамырда Арыс қаласында 5 жасар қыз атпалдай көршісінен қашып құтылған еді. Араға ай салып, дәл сондай жағдай Сарыағаш ауданында да қайталанды. Алайда бұл жолы бүлдіршін аман қалмады. Қорланған қаршадай қыздың сау-тамтығы қалмаған денесі көрші үйдің шатырынан табылған еді.

– Біз Сарығашта болған жағдайдан кейін бақылау жұмысын еселеп күшейтуді қолға алып отырмыз. Бүгінгі таңда Түркістан облысында жыныстық зорлық көрсету бойынша 54 заңбұзушылық іс тіркелді. Басым бөлігінде азғындар алыстан келмеген. Оларға әкесі, өгей әкесі немесе Сарыағаш ауданындағы жағдай сияқты көршісі зорлық көрсеткен. Статистика бойынша 5 факт Сарыағаш ауданында тіркелген, – деді облыстық Прокуратураның қоғамдық мүддені қорғау бойынша басқарма бастығы Болат Жұмағалиев.

Қазақстан бойынша сұрықсыз статистикаға сүйенсек, өткен жылы азғындыққа қатысты 383, биыл 252 қылмыстық іс тіркелген. Осылай деген жауаптылар педофилдерге берілетін жазаны күшейту үшін заңға өзгеріс ұсынбақ. Әзірге жазаның қаншалықты қатаңдатылатыны талқыланып жатыр.

Назерке Үкібасова, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Балабақшадағы сұмдық жағдай: баланың денесін кім тістегені анықталып жатыр