Мемлекеттік хатшы: құмар ойын бизнесімен күресудің кешенді жоспары әзірленеді

30.12.2023 21:51

Жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы дайындалды

ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес үшін 2023 жыл табысты болды. Бұл Кеңес жастарға қатысты бірқатар маңызды стратегиялық құжаттарды әзірлеуге атсалысты. Бұл туралы Мемлекет хатшысы Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

- Мемлекеттік жастар саясатының 2023 - 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы дайындалды. Биыл осы құжатты жүзеге асыру барысында жас азаматтардың кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашатын маңызды бастама қолға алынды: жалпы сомасы 26 миллиард теңгені құрайтын 5,6 мың бизнес жобалары үшін 2,5% мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие беріледі. Келесі жылы жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын-үй бағдарламасын қолға алу жоспарда бар, деп жазды Ерлан Қарин Telegram-дағы арнасында.

Кеңестің тікелей қатысуымен әзірленген тағы бір маңызды құжат – Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023 - 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары.

- Синтетикалық есірткіге қарсы іс-қимылдың маңыздылығы алғаш рет кеңес алаңында айтылған еді. Енді Жоспардың орындалуы осы құрылымның тұрақты бақылауында болады, - дейді Мемлекеттік хатшы.

Бұдан бөлек, Ерлан Қарин кеңестің мүшелері "Қазақстан жастары – 2023" атты ұлттық баяндаманы әзірлеуге елеулі үлес қосқанын баса атап өтеді.

- Алдағы 2024 жылы да кеңес жастарға қатысты өзекті мәселелермен белсене айналысып, Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыруға атсалысуды жалғастыратын болады. Нақты айтқанда, бүгінде кеңес лудоманияның таралуына жол бермеу ісін мықтап қолға алды. Осы орайда оның мүшелерінің ұсынысымен құмар ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл және лудоманияға қарсы күрес жөнінде кешенді жоспарды әзірлеу жұмысы басталды, - делінген жазбада.

Айта кетсек Ерлан Қарин биыл жүзеге асырылған саяси реформаларға тоқталып, жылды қорытындылаған еді.


Оқи отырыңыз: Жыл қорытындысы: сумен қамтамасыз ету жобалары, су кодексі және халықаралық келісімдер