Нұр-Сұлтанда әлем елдерінің басын қосқан көшпенділер фестивалі өтті

01.07.2019 21:51

Оған әлемнің 10-нан астам елінен 180 өнерпаз қатысты

Нұр-Сұлтанда IV Халықаралық көшпенділер әлемі фестивалі өтті. Маусымның 29-30-ы күндері елордада тұлпарлар тұяғы дүбірлеп, қаз-қатар киіз үйлер тігілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қатысушылар саны былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Биыл фестивальге Түркия, Әзірбайжан, Болгария, Иран, Оңтүстік Корея, Қырғыз Республикасы, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей секілді әлемнің 10-нан астам елінен 180 өнерпаз қатысып, өздерінің ұлттық ерекшеліктерін паш етті.

«Өте әдемі! Қаланың көркіне көз тоймайды. Адамдары да сондай жылы шырайлы екен», – деді фестивальге Өзбекстаннан келген қатысушы Мехрен ИКРОВА.

«Ақ мерген» ауылында – садақшылар жарысы, «Асауда» – жамбы ату сайысы өтсе,  «Алмалыда» – қолөнершілер киіз басу бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді, ал «Ақ сүйек» ауылында ұлттық ойындар ойнатылды. Төртінші рет өтіп отырған шараға әлемнің 10 елінен 180 адам қатысты. Әсіресе Оңтүстік Корея мен Ираннан келген қатысушылар фестиваль ауқымын айқындап бергендей.

«Иранда түрлі этникалық топтар бар. Соның ішінде қазақтар да көп. Қазақтардың басым бөлігі елдің солтүстігіндегі Гүлстан провинциясында тұрады. Қазіргі таңда олардың қатары 7-8 мың адамды құрайды», – деді Иран Ислам республикасының ҚР-дағы елшісі Маджида САМАДЗАДЭ САБЕРА.  

«Біз Ираннан бауырларымыз бен әйелдеріміз бар, жалпы он шақты адам келдік. Қолөнер туындыларын тамашаладық. Көңіліміз көтеріліп қалды. Қазақтың, Қазақстанның техникасы дүние жүзіне тарап жатыр», – дейді Әбділғафур ҚАЗАҚ.

Фестивальге қатысушы көпшілік сондай-ақ көшпенділердің ұмыт бола бастаған тағамдарынан дәм тату мүмкіндігіне де ие болды. Бағдарламада дала өркениетінің тұрмыс салты, фольклоры, ұлттық аспаптары, ән-жыры мен би өнері ұсынылды. Сондай-ақ шара аясында көшпенді халықтардың киім үлгілерінен сән көрсетілімі де ұйымдастырылды.

«Қала да, фестиваль да қатты ұнады. Алған әсеріміз ерекше. Елге қайтқан соң, делегациямыздағы әр адам бұл жайлы достарымен, туған-туысқандарымсен бөліседі. Ал ол туризмнің дамуына ықпал етеді», – деді «Өзбек жанг санъати» федерациясының президенті Болат УСМАНОВ.

«Көшпенділер әлемі» халықаралық фестивалі дала өркениетінің шежірелі тарихи және бай мәдени мұрасын қайта жаңғыртып, жер-жаһанға насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды. Сондай-ақ ол – көне түркі халқының ұрпақтарын біріктіретін, ұлы мұрамызды түгендейтін ерекше фестиваль, дейді игі шара қонақтары мен ұйымдастырушылары.

Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы