Павлодар облысында әртүрлі пневмониядан 428 адам көз жұмған. Оның ішінде 85-і маусым айында, 314-і шілде айының басынан бүгінге дейін, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Біржан Досмаилов айтты.
«Кеше кешке көпшілігіңіз коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хабарламасын оқыдыңыздар, – деп атап өтті Біржан Досмаилов. – Бұл денсаулық сақтау басқармасына және жеке өзіме де қатысты көптеген сыни сұрақтар тудырды. Облыстың бас дәрігері ретінде мен сіздерге бұл сандар қаншалықты қайғылы болса да пневмониямен ауыратын науқастар арасындағы өлім-жітім туралы статистиканы жариялауды міндет деп санаймын.2020 жылдың басынан бері Павлодар облысында 428 адам қайтыс болды, оларға әртүрлі пневмония диагнозы қойылған. Оның ішінде 85-і маусым айында, 314-і шілде айының басынан бүгінге дейін».
Спикердің айтуынша, пневмонияның алуан түрі әртүрлі вирустардан, бактериялардан және саңырауқұлақшалардан туындаған. Олардың қаншасы пневмониядан қайтыс болғанын анықтау мүмкін емес, өйткені аутопсия жүргізілмеген. 18 шілдеге дейін өлімнің статистикасы пневмонияны бөлмей, жалпы жүргізілген.
«18 шілдеден бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының келісімі бойынша коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықты кодтаудың жаңа жүйесін енгізуді бастады. 18 шілдеден бастап пневмонияны клиникалық анықтаудың жаңа әдісіне көшті. Яғни, сол күннен бастап біз коронавирустық пневмонияны бөле бастадық және 18 шілдеден бастап Павлодар облысында коронавирустық пневмониядан 8 адам қайтыс болды. Мен қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын және өңірдің бас дәрігері ретінде мен және менің әріптестерім адамдардың өмірін сақтап қала алмағанына өкінеміз», – дейді Біржан Досмаилов.
Сондай-ақ, ол пневмониядан өлім жағдайлары бойынша қысқаша талдауға тоқталып өтті.
«Қайтыс болғандардың ең көп саны (32%) 60-69 жас аралығында болды, – дейді Біржан Досмаилов. – Бұл науқастар созылмалы аурулардың субкомпенсацияланған түрлерімен, негізінен жүрек-қантамыр жүйесімен және 2-3 дәрежелі семіздікпен ауырды. Олардың 86%-ы диспансерлік есепте тұрды, бірақ дәрі-дәрмектерді тұрақты емес қабылдау байқалды. Науқастардың осы тобының фондық патологиясы артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, өкпенің созылмалы спецификалық емес аурулары және 2 типті қант диабеті болды».
Статистика бойынша көз жұмғандардың 24%-ын 70-тен 79 жасқа дейінгі адамдар құрайды. Олар созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің белгілері бар жүректің ишемиялық ауруының созылмалы декомпенсацияланған түрлерімен ауырған. Оның ішінде ашық жүрекке операция жасағаннан кейін, жүрек ырғағының бұзылуымен, жүрекше фибрилляциямен ауыратын науқастар, өкпенің созылмалы спецификалық емес аурулары, артериялық гипертензия және қатар жүретін онкопатология бар науқастар болды.
80 жастан 89 жасқа дейінгі науқастар – бұл өлім жағдайларының 18%. Бұл науқастарда созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің, өкпе гипертензиясының, аритмияның белгілері бар жүректің ишемиялық ауруы түріндегі коморбидтік фон, коронарлық тамырларды шунттау мен стенттеуден кейінгі жағдай және созылмалы өкпе патологиясы және ілеспе қант диабеті болған.
15%-ы 50 жастан 59 жасқа дейінгі науқастар. Бұл негізінен эндокриндік жүйенің патологиясы бар, сондай-ақ қант диабеті, 2-3 дәрежелі семіздік, метаболикалық синдромы бар адамдар. Пациенттер артериялық гипертензиямен және созылмалы бүйрек ауруымен есепте тұрды. Жекелеген жағдайларда өкпе туберкулезі және онкопатология байқалады.
5,6% - 40 жастан 49 жасқа дейінгі пациенттер. Олардың астарлас ауруы 2-3 дәрежелі семіздік, сондай-ақ бұл науқастарда алғаш рет 2 типті қант диабеті және ауруханаға жатқызу кезінде артериялық гипертензия анықталды. Пациенттер диспансерлік есепте тұрған жоқ, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен ем алған жоқ. Салауатты өмір салтын ұстанбайтын науқастар болды, туберкулезбен ауырғаннан кейін өкпеде қалдық өзгерістер тіркелді.
«Пневмониядан болған өлім жағдайларын талдау кезінде қан айналымы жүйесі аурулары және эндокриндік патология, жүрек-тамыр патологиясы және өкпе патологиясы, сондай-ақ жаман әдеттер мен метаболикалық бұзушылықтар сияқты бірлескен патологияның болуы байқалды. Жоғарыда аталған барлық факторлар аурудың нәтижесіне әсер етті. Мен қайтыс болған адамдардың туыстары мен жақындарына тағы да көңіл айтамын», – дейді Біржан Досмаилов.