Алматыда балалар үйлері тәрбиеленушілерінің республикалық фестивалі басталды

28.02.2019 21:52

Еліміздің 17 облысынан 170-ке жуық бүлдіршін шығармашылық фестивальге қатысып жатыр

Қазақстандағы балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда бақ сынасуда. Еліміздің 17 облысынан 170-ке жуық бүлдіршін шығармашылық фестивальге қатысып жатыр. Олар 2 күн бойы Оқушылар сарайында өз өнерлерін паш етеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шара Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Мұндай байқау жеткіншектердің жасып қалмауына және көпшілік алдында өздерін еркін ұстауларына септігін тигізеді. 

«Балалар өз өміріне, халқына, Отанына деген ризашылығын, туған-туыстарына, достарына ризалығын білдіретін мейрам ғой. Сондықтан осындай мереке күні балалар өздерінің таланттары, шығармашылық қабілеттері арқылы елді қуантса дейміз», – деді ұйымдастырушы Бақыт ӘЛІБАЕВА.          

Балалар 3 номинация бойынша, яғни вокал, актерлік шеберлік және би өнерінен бақтарын сынайды. Бас жүлдеге экшн-камера табысталады. Ал үздік үштікке планшеттер берілмек. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға сертификаттар мен мақтау грамоталары үлестіріледі. Фестиваль жеңімпаздары ертең анықталады.

«Маған осындай ұйымдастырылған байқаулар қатты ұнайды. Бұл еліміздің жарқын болашағы болатын жас бүлдіршіндердің шығармашылығын дамытуда көп көмегін тигізеді. Мен бүгін әділқазылыққа өте позитивті көңіл-күймен келдім. Вокалдық шеберлік бойынша қатысушыларды бағалайтындықтан, шынайы болуға тырыстым. Бүлдіршіндердің вокалдық білімдерінің жоқ болғанына қарамастан, бірнешеуі еліміздегі кейбір әртістерден де асып түсті десем болады», – дейді әнші Ділназ АХМАДИЕВА.