Соңғы жылдары мемлекетіміздің жүзеге асырған рақымшылық саясатының нәтижесінде түрмеде жазасын өтеп жатқан 57 мыңнан астам сотталушының 27 мыңы мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпы, тәуелсіздік алғалы елімізде 9 рет амнистия жарияланыпты. Ал келесі жылы ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай президент жарлығымен тағы бір рақымшылық шарасының өтетіні белгілі. Абақтыдан шыққан мыңдаған адам қоғамдық өмірге қалай бейімделмек? Екі қолына бір күрек таба ала ма?
Санат бір емес екі айыпты арқалап абақтыға 2018 жылы қамалған. Кейіннен жазасының жарты мерзімін өтеп, тәртібі жақсы болғандықтан, бостандыққа шығарылады. Ол әлі жазасын толық өтеп болған жоқ. Сол себепті де аудандық пробацияның 24 сағат бойы бақылауында. Күндіз тек жұмыста болуына рұқсат. Ал, түнгі мезгілде көшеде артық жүруіне болмайды. Алдағы болатын рақымшылыққа іліксе, кінәсі толық кешіріледі.
«Бұл қателігім дұрыс болмады. Бұл ісіме өкінемін. Қазір енді оны қайталамауға өзімді тәрбиелеп жүрмін. Қазір енді рақымшылық болатын уақытты күтіп жүрмін. Егер рақымшылыққа іліксем, жазам кешіріледі», – деді Санат.
Бүгінде еліміз бойынша 82 абақты бар. Онда 30 мыңнан астам сотталушы жазасын өтеп жатыр. Алайда түзету мекемесінен шыққаннан кейін тәртібі түзеліп кететіндер аз дейді мамандар.
«Сотталушылардың бірі қайта қылмыс жасаған болса, қызметтік тексеріс жүргізіледі. Мән-жай толығымен анықталады. Содан кейін біздің инспекторлар сотқа ұсыныс жолдайды. Жалпы есептен өткен 897 сотталған өтті біздің есептен. Қазіргі таңда есепте тұрған 597 адам бар. Түзеу мекемесінен шыққан адамдар 23», – деді Алатау аудандық пробация бөлімінің бастығы Шыңғысхан Қанапин.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жазасын өтеушілерге амнистия жасалатынын айтқан еді. Қазір темір тордың арғы бетіндегі олардың да туысқандары құлақтарын түріп отыр. Себебі, рақымшылық қылмыстың қай түріне жасалатыны әлі белгісіз. Тізім бекітілмеді. Алдымен заңгерлердің сүзгісінен өтеді. Одан кейін Қазақстан Республикасы қылмыстық атқару жүйесі мен ішкі істер министрлігі тізім жасайды. Кейіннен Президент қол қойғаннан кейін, талай тағдыр иесі өмірін жаңа парақтан бастай алады.
«Рақымшылық актісіне кімдер ілігеді? Бұл кәмелеттік жасқа толмағандар. 1-2 топтағы мүгедектер. Қарауында кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар жалғыз басты әкелер мен аналар. Қазақстан Республикасы мен локалды ұрыстарға қатысқан азаматтар мен оларға теңестірілген азаматтар», – деді заңгер Орынбасар Тілепберген.
Десе де, аталғандардың барлығы мерзімінен бұрын босатылмауы да мүмкін дейді заңгер. Мәселе жасаған қылмыстың ауырлығында.
«Соңғы кездері елімізде сотталушыларға қолданылып жатқан ізгілендіру шараларына байланысты 57 мыңнан 30 мыңға дейін азайған. Қазір Қазақстан әлемдік рейтингте түрмедегі адамдар санынан 100 орынға түсті», – деді ҚР ішкі министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы Ақерке Жаубасарова.
Айта кетейік, түрмедегі бір адамның 1 күндік тамағы мен тұрмыстық заттары үшін үкіметтен 3290 теңге ақша жұмсалады. Яғни, бір адамға жылына 1 млн. 200 мың теңге қажет. Ал, егер орта есеппен 5 мыңы рақымшылыққа іліксе бір жылда үкімет 6 миллиард теңге үнемдейді екен.
Ұлағат Арғын, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы