«Шешімі бар» бағдарламасы көрермендермен қайта қауышады

25.05.2020 в 21:52

Бағдарлама шешімін таппай жатқан мәселелердің түйінін шешуге көмектеседі

Бүгін арнамыздан «Шешімі бар» бағдарламасы көрермендерге жол тартады. Әлеуметтік жоба осымен 3-маусымының түсірілімін бастамақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Талай мұқтаж жандарға қол ұшын созған хабардың осы жолғы ерекшелігі қандай болмақ? Бағдарлама қандай тақырыптарды арқау етеді?

«Шешімі бар» бағдарламасының 3-маусымы карантин кезінде алғы шепке шығып, халық үшін қызмет еткен дәрігерлер мен тәртіп сақшыларына арналмақ. Қауіп-қатерге қарамастан, шынайы мәлімет таратып, елді үнемі ақпараттандырып отырған журналистер қауымы туралы да хабар жасалатын болады. Бағдарлама шешімін таппай жатқан мәселелердің түйінін шешуге көмектеседі.

«Шешімі бар» жобасы сынды әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы жобалар әр арнаға керек-ақ. Бұл жобаның ерекшелігі – қолға алған істі халықтың талқысына ғана салып қоймай,  соңына дейін жеткізуге, шешімін табуға бар күш-жігерін салатынында», – деді «Шешімі бар» бағдарламасының жүргізушісі Азамат ШАРҒЫН.

Бұл уақытқа дейін екі маусымы көрермендер назарына ұсынылды. Ол жерде көптеген игі істер атқарылды. Атап айтар болсақ, үш отбасы баспаналы болды, аяқ асты болған қайғылы жағдайдан отбасынан айырылған  80 жастағы қарияның  30 жылдан бері іздеп таппай жүрген туыстарын  тауып бердік. 30 жылға жуық анасын жоғалтып алған жігіт анасына қауышты. Осындай көптеген игі істер атқарылды, дейді әлеуметтік-тұрмыстық жобаның жүргізушісі Азамат Шарғын. Ол «Шешімі бар» ұжымы мұқтаж жандарға әрдайым қол ұшын созуға дайын екендігін жеткізді.  

«Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, түрлі тағдырдың ауыртпалығын жеңілдетуге, бір шетін көтерісуге ұжымдағы редактор қыздарымыздың, журналистеріміздің атқарған жұмысы зор. Ауыр жүк арқалағандар солар», – деді  «Шешімі бар» бағдарламасының жүргізушісі Азамат ШАРҒЫН.  

Бағдарлама «Алматы» арнасынан дүйсенбі мен сәрсенбі күндері аралығында кешкі сағат 18:10-да шығады.

Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы