Көптомдықтардың ішінде көнерген сөздердің анықтамалары бейнеленген
Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының мұрындық болуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бүгін «Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының алғашқы 5 томының, «Ұлы даланың көне сарындары» үштомдығының 1 томының, сондай-ақ «Ұлы дала жауһарлары» бестомдығының 1 томының тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Онда көне эпос, батырлар, ғашықтар жырлары мен қатар дастандар және наным-сенімдерге қатысты ғұрыптық әндердің інжу маржандары енген.
«Біріншіден мұндағы мақсат – қазақ фольклорының ең таңдаулы үлгілерін беру. Екіншіден, соның аудио нұсқасын цифрлық нұсқаға өткізу. Осы уақытқа дейін айтылып келе жатқан көне сарындардың бәрін қайтадан електен өткізіп, ғалымдардың басын қоса отырып, бірнеше жиында сараптап, солардан қазіргі заманауи дәстүрлі әншілердің жырлауыменен қайтадан жаздырып шықтық», – деді М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан МАТЫЖАНОВ.
Аудио нұсқаны кітапта көрсетілген QR кодты сканерлеп Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сайтынан смартфон арқылы тыңдауға болады. Жарыққа шыққан көптомдықтардың ішінде суретті сөздіктер де қарастырылып, көнерген сөздердің анықтамалары бейнеленген. Басылған ұлы дала жырларының ең таудаулы дегені сараланып қолжазба қорларында сақталған материалдардан жинақталып жасалған.