Бүгін Алматыда жыл сайынғы «Жомарт жүрек» байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Жомарт жүрек» байқауы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жағыру» бағдарламасы аясында құрылды және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардың қайырымдылық жобаларына қатысуларын жанама ынталандыру тетіктерін енгізу мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Байқаудың басты мақсаты – ең жарқын және маңызды қоғамдық бастамалардың оң тәжірибесін дәріптеу арқылы қайырымдылық жасауды ынталандыру және дамыту.
Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров байқаудың лауреаттарын марапаттап, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және қаланың гүлденуіне қосқан үлестері үшін алғыс білдірді. Биыл Алматыда қаланың инфрақұрылымын абаттандыру мен жақсарту бойынша ірі әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды. Алматының меценаттары түрлі бағыттар – білім, спорт, мәдениет және т.б. бойынша барынша ауқымды қайырымдылық шараларын жүзеге асырды.
Сыйлықтар бес номинация бойынша берілді. Алматыда өткен байқаудың жеңімпаздары:
- «Жыл тұлғасы» – белсенді қайырымдылық қызметі үшін - Сырымбек Тау, «Daco Motors KZ» ЖШС бас директоры. Меценат 8 500 отбасыға азық-түлік себеттері мен медициналық қызметкерлермен қамтамасыз ету арқылы көмектесті. Науқас балаларға арналған оңалту орталығының құрылысына 20 миллион теңге бөлді. «Мектепке жол» бағдарламасы аясында 100 балаға оқу құралдарын, 10 планшет пен 5 ноутбук алып берді. Үш отбасының тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы төлемінің 30%-ын төледі, балалар үйіне, «Сауран», «Алатау» қайырымдылық қорларына көмек көрсетеді.
- «Жыл меценаты» – белсенді меценаттық қызметі үшін - Долкунтай Абдулхалил, «METALL PROM GROUP» ЖШС директоры.
Компания өмірлік қиын жағдайға тап болған 5 мың отбасыға азық-түлік себеттері түрінде көмек көрсетті. Ол Алматыдағы жас спортшыларға және бірқатар спорт клубтарына демеушілік жасайды. Жасөспірімдер арасындағы республикалық жарыстарды ұйымдастыруға демеушілік көрсетті. Долкунтай Абдулхалил биыл қайырымдылыққа барлығы 88,7 миллион теңге бөлді.
- «Туған Өлке» – кіші отанды қолдау бойынша әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырғаны үшін – Мұхаметхан Сабыржан. Ол 4 балалар спорт алаңының құрылысына демеушілік жасады, мұқтаж отбасыларға үйлерін жөндеуге 4 миллион теңге көлемінде көмек көрсетті.
- «Жылдың үздік ұйымы» – қайырымдылық бағдарламасын тиімді іске асыру үшін - ЖШС «BAZIS-A Corp». Компания Бостандық ауданындағы №146 мектепке 300 балаға арналған қосалқы корпусты өз қаржысына салды. Кәсіпорын №65 мектеп аумағында 300 орынды корпус салуды жоспарлауда.
- «Жылдың үздік қамқоршысы» – әлеуметтік маңызды өзгерістер мен түрлендіру бойынша қайырымдылық көмегі үшін - «Комета» ЖШС. Компания қайырымдылық шараларына қатысты, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетеді, мобильді ауруханаларға су жеткізуге демеушілік көмек ретінде 10 млн қаржы бөлді. Олар №1 балалар үйіне, «Жанұя» арнайы кешеніне, №123, №149 балабақшаларға және педиатрияның ғылыми орталығына үнемі көмек көрсетеді.
«Біздің компания қайырымдылықпен 10 жыл бойына айналысып келеді. Біз балалар үйіне көмектесеміз, интерактивті тақталар, оқу ойындары мен кітаптар сатып алдық, балаларға арналған тегін спорт залын аштық, отбасыларға үй салуға көмектестік. Бұл марапат мен үшін үлкен мотивация. Жоғары баға қалаға, біздің тұрғындарға көмектесуге деген ұмтылысты одан әрі арттырады», – деді Долкунтай Абдулхалил.
Айта кетерлігі, меценаттар мегаполис пен оның тұрғындарына тұрақты түрде көмек көрсетеді. Демек, ұйымдастырушылар атап өткендей, мұндай іс-шаралар бизнес-құрылымдардың, меценаттардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен еріктілерді жақсы істер жасауға ынталандырады және мейірімділік идеясын насихаттайды.