Шучинск кадет корпусы ауыл балаларын оқуға шақырады

Шучинск кадет корпусы ауыл балаларын оқуға шақырады
Қазірдің өзінде оқу орнында 480 бала әскери қызметтің қыр-сырын меңгеруде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ТМД елдері ішінде сержанттарды даярлайтын Шучинск қаласында орналасқан жалғыз кадет корпусының оқытушылары ауыл балаларын өздерінде білім алуға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың сөзінше, әскери қызметті бозбала жасынан меңгергісі келетін жастар үшін бұл оқу орны –үлкен мүмкіндік. Алайда, ата-аналар сол мүмкіндікті көбі пайдалана алмай отыр дейді. Себебі, Бурабай баурайындағы оқу орны туралы біле бермейді.

Шучинск қаласында орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусы 23 жыл бұрын ашылған. Қазақстанның Қарулы Күштерінде жоғары дәрежеге жеткен  көптеген түлектерімен мақтанады. Алайда, болашақ әскери қызметшілерді оқытып жатқандарына ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де «әлі күнге біз туралы ауыл балалары білмейді» деп мұңаяды оқытушылары.

«Ауылдық жерлерде әскерге барсам, әскери қызмет атқарсам дейтін қаншама жас жігіттер бар. Солар білсе, көре екен осы кадет корпусын», – дейді штаб сержанты Ғалымжан ТӘУКЕБАЕВ.

Оқытушылар ақпараттандыру жұмысы аз жүргізіліп жатыр дегенмен, қазірдің өзінде оқу орнында 480 бала әскери қызметтің қыр-сырын меңгеруде. Олардың ішінде Атырау облысынан келген Ғасырбек Қабілетов те бар. Елдің абыройы мен тыныштығын қорғауға ант беріп, бала арманына қол жеткізген ол осы оқу орнын таңдағанына еш өкінбеймін, дейді.

«Бұл жер мені көп нәрсеге баулыды. Мәселен, тәртіпке. Елді, жерді, Отанды сүюді үйретті. Оқуды бітірген соң біздерді әскери бөлімдерге, әр жерге, әр қалаға жібереді. Яғни жауынгерлермен жұмыс істейміз. Бөлімше командирі болып тағайындаламыз», – деді Ғасырбек ҚАБІЛЕТОВ.

Кадет корпусының ұландары мемлекет есебінен тегін оқиды. Шәкіртақысы да бар. Сержанттар даярлайтын шетелдік оқу орындары арасында үздік деп танылғандарын мақтанышпен айтады. Болашақ Отан қорғаушыны жан-жақты білімді етіп тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасалғанын өз көзімізбен көрдік. Ерік-жігер, күш-қайратты жанитын жаттығу залдары кадеттердің сүйікті орны екен. Кітапхана, әскери пәндер бойынша сыныптар қажетті қару-жарақпен, құрылғылармен, техникамен толық қамтамасыз етілген.

Оқу орнына баспасөз турымен келген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында 9 мм Макаров пистолетінен нысанаға ату жарысында «Алматы» телеарнасының ұжымы оқ бойы озық шықты. Операторымыз Әли Мұхтаров екінші орынды жеңіп алды.

Асылбек Тойбек, Әли Мұхтаров, «Алматы» арнасы

Новости партнеров