«Жастар Отанға» республикалық инновациялық идеялар фестивалінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Байқауға үміткерлер шілде айынан бастап өздерінің тың жобаларын ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қатысушыларға қойылатын басты талап, идея инновациялық болуы шарт және қатысушының жасы 29-дан аспауы керек. Осы уақытқа дейін жүзден астам өтініш түссе, шешуші кезеңде 30 үміткер өз жобасын қорғады. Олардың қатарында ІТ, медицина, ауыл шаруашылығы, энергетика, машина жасау мен ақылды технологиялар бар.
«Жастар әртүрлі тренингтер, мастер кластар өтіп Қазақстандағы әйгілі кәсіпкерлермен кездесе алады. Соның арқасында олар өз жобаларын тиянақтап, пиц-сессия форматында финалында жалғастыра алады», – деді «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура ДЕМЕСІНОВА.
Фестивалдің финалында барлық жүлделі орынды ІТ саласына арналған жобалар жеңіп алды. Байқаудың жүлде қоры 600 мың теңгені құрайды. Одан бөлек 7 жобаға инвесторлар қызығушылық танытты.
«Бизнесте тәжірибесі аз болғандықтан қыр-сырын білмеуі мүмкін. Сол тұрғыдан тәжірибесі жоғары кәсіпкерлерден кеңес, бағыт-бағдар беру жағынан үлкен мүмкіндік береді», – деді кәсіпкер Аслан НАЗАРАЛИЕВ.