Алматыда Асанәлі Әшімовтің биографиясына негізделген «Тағдыр тақтасы» қойылымы кезекті рет сахналанды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Спектакльдің қойылуы Қазақстан және КСРО Халық әртісінің 87 жасқа толуына орайластырылған. Көркемделе түскен поэтикалық драмада тағдыр тауқыметін көп көрген өнер иесінің өмір жолы бейнеленген. Тамашалауға келгендер халық алдында жүрген адамның қайсарлығына тәнті болып, көз жасына ерік берді. Кеште белгілі өнер адамдары мен театрсүйер қауым жиналып, «қазақ өнерінің корифейіне» құттықтауларын жеткізді.
«Өзімнің студенттерімнің, жас театрының ұйымдастыруы кеш өтті. Бұл – еңбегімнің жемісі. Халыққа әрдайым қызметіміз дайын. Келген қонақтарға, ұйымдастырушыларға алғыс айтамын», – деді КСРО Халық әртісі, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов.
«Өмірінің өксігі, өкінішінің өзегі, тағдыры тағылым, ғұмыры ғибрат болғанын көрсете білетін форма іздедік. Аяғында осындай болды. Бірақ осы «Тағдыр тақтасын» жазуыма себепкер болған – Әсекеңнің студенттері», – деді «Тағдыр тақтасы» поэтикалық драмасының авторы Бақыт Беделхан.
Оқи отырыңыз: Алматыда аналар кездесуі өтті