Қазақстанда өлгендер жайлы мәлімет сатып ақша тапқан полицейлер анықталды

Қазақстанда өлгендер жайлы мәлімет сатып ақша тапқан полицейлер анықталды
Елімізде жыл басынан бері 52 полиция басшысы жазаланды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Басты себеп – қол астындағы қызметкерлерінің коррупциялық қылмыс жасауында болып отыр. Өрескел қылығы үшін жұмыстан босатылған погондылар да бар. Тәртіп сақшылардың жұмысы, олардың имиджін жоғарылату мәселелері және жалпы Ішкі істер министрлігі саласында жүргізілетін реформалар жайы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде талқыға салынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарынан кей полицейлердің дөрекі сөйлеп, ожар қылық танытуын, қылмыс жасауын жиі көретін болдық. Алысқа бармай-ақ қояйық, осыдан үш күн бұрын Арқалықтағы полиция басқармасындағы бейнебақылау камерасынан желіге түскен бейнематериалды алайық. Одан ведомтсво басшысы өзінің қол астындағы қызметкерін тепкені анық көрініп тұр. Тәртіп сақшысының бұл оғаш қылығына байланысты Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди пікір білдірді.

«Арқалықтағы оқиға бойынша қызметтік тергеу тағайындалды. Мен кадрлық жұмысқа жауапты министрдің орынбасары болғандықтан, барлық қорытынды материалдарды ұсынуға дайынмын. Біз бұл алғашқы рет болды ма, әлде осыған дейін де орын алды ма, мұндай әрекетке не себеп болғанын анықтауымыз қажет. Сондан соң тәртіптік шешім шығарамыз. Нәтижесі міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдарында жария етіледі. Қызметкерлердің  осындай қылықтары өзінің иммиджіне ғана емес, отбасыларына да кері әсерін тигізетінін түсінсін дейміз», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей КАЛАЙЧИДИ.

Ішкі істер министрінің орынбасары өлілерден ақша тапқан полицейлер жайлы да сөз қозғады. Осыдан біраз уақыт бұрын Нұр-Сұлтанда қайтыс болған адамдар жайлы мәліметтерді сатқан тәртіп сақшылары істі болып жатыр. Құқық қорғаушылар жерлеу рәсімін өткізетін орталықтарға қаза тапқан адамдардың аты-жөні, мекенжайы сияқты мәліметтерді сатып, пайда тауып келген. Тоғыз қызметкер жұмыстан шығарылды. Олардың басым бөлігі – полиция майорлары.

«Қолымызда дәлелі бар факт бойынша ғана айтайын. Өкінішке орай, мұндай факт елордамызда бар. Тұлғалар анықталған. Қылмыстық іс тергелуде. Материал сотқа өткенде ғана ол жайлы ашып айта аламыз. Сонда сіздер олардың мұндай әрекетке неден баратынын білесіздер. Өкінішке қарай, адамдардың моральдық тұрғыдан төмендігі бұл.  Себебі бәрінің жалақысы бір. Алайда, осындай былыққа жол беретіндер бар, арамдыққа бармайтындары да бар», –  деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей КАЛАЙЧИДИ.

Тәртіп сақшылардың коррупциялық қылмысқа баруы да талқыға салынды. Қоластындағы қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қатысты болса, жетекшілері қатаң жазалануы тиіс.  Биылғы жылдың тек 7 айында аумақтық органның 52 басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.

«2018 бен 2017 жылды салыстырсақ, қылмыстық жауапкершілікке тартылған полиция қызметкерлерінің саны 6 пайызға азайған. Ал биылғы жылдың сегіз айын былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 21 пайызға азайып отыр. Әлі де үлгілі, білікті қоғамның алдында имиджі мен статусы жоғары полицейді қалыптастыру үшін қырауар жұмыс жүргіземіз», – деді ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің жетекшісі Арман САДАНОВ.

Жиында әкімшілік полицияны реформалау жайы да айтылды. Бұл – Ішкі істер министрлігіндегі ең ірі комитет. Онда полиция қызметкерлерінің 40 пайызы, басқаша айтсақ, 42 мың адам жұмыс істейді. Аталған ведомтсвода құрылымдық өзгерістер болатынын айтса да, олардың қалай жүргізілетіні әзірге құпия. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жолдауында 2020 жылға дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыруды тапсырған болатын.

Новости партнеров