Бүгін Алматыдағы барлық мешітте рухани іс-шаралар өткізіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Қадір түні ауызашардан сәресіге дейін жалғасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін түндердің сұлтаны – Қадір түні. Діни сенім бойынша бұл күні сауаптар еселеніп жазылады. Әдетте ғалымдар Қадір түні Рамазан айының соңғы он күніне сәйкес келеді деп болжайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Қадір түні жасалған ғибадат 83 жылға пара-пар деп те айтылады. Бұл түні мүмкіндігінше ұйықтамаған дұрыс дейді имамдар. Мақсат – тек ұйықтамай, ояу жүру ғана емес, дұрысы дұға-тілек жасап, ренжіткен адамдарды кешіріп, намаз оқып, садақа беру, ізгілікке ұмтылу. Қадір түні - Рамазан айының соңғы 10 күніне жасырылған. Бүгін яғни 27 сәуірден 28-іне қараған түні Қадір түні болуы ең ықтимал күн. Дәл осы түні жасалған ғибадаттың сауабы еселеніп жазылады. Мәселен, осы түні бір кедей адамды тамақтандырсаңыз өмір бойы сол адамды тамақтандырған болып есептеледі екен. Осы түні Құранның бір аятын оқыған адам өмір бойы Құран оқығанмен теңеледі. Көпшілік арасында Қадір түнінде Қыдыр ата келеді, сол себепті дастархан жайып, есік-терезелерді ашып қою керек деген түсінік те қалыптасқан. Бұл қате ұғым дейді ислам ғалымдары. Керісінше құлшылықпен өткізген адамға бір жыл бойы береке-бақыт, байлық, ырыс-несібе келеді екен.

«Тамақ жасап, есік-терезені ашып қою дұрыс емес, сенімнің негізінде пайда болған түсінік. Алланың Қасиетті кітабында Қадір деген сүресі бар. Сол сүреде Жебрейіл періштеден бастап, көктегі барлық періштелердің жер бетіне түсетіндігі айтылған. Қадір түні мың айдан да қайырлы деген», – деді Орталық мешіттің наиб имамы Мадияр Пірімқұлов.

Қадір түнінде Алла үйіне келушілер саны көбейеді. Екі жылдан бері мегаполистегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағаны себепті мешітке келуге тиым салынған еді. Ал биыл рұқсат.

«Бұл түнде барша мұсылмандар Аллаға қол жайып, дұға тілейтін күн. Өзім бұл түнді қатты жақсы көремін. Қазірден бастап мешіттің ауласында жүріп, дайындықты бастап кеттім», – деді  қала тұрғыны Әсет Темірбеков.

«Негізі әйел адам үйінде қарсы алғаны дұрыс. Әйел адамның мешіті үйінде деген Пайғамбарымыздың  с.ғ.с. хадисі бар», – деді қала тұрғыны Гүлмира Сүлейменова.

Бүгінгі Қадір түніне орай, кешке қаладағы барлық мешітте рухани іс-шаралар өткізіледі. Түнінің маңыздылығын көпшілікке түсіндіру мақсатында сұрақ-жауап байқауы ұйымдастырылып, сыйлық таратылады.

Ұлағат Арғын, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров