COVID-19: Алматыда ауру ошақтарының саны азайды

26.05.2020 21:55

8 мыңнан астам кіреберіс пен 1440 аула залалсыздандырылды

Бүгін Алматыда 8 мыңнан астам кіреберіс пен 1440 аула залалсыздандырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ, көшелер мен қоғамдық орындарда да санитарлық тазалау жұмыстары жасалып, барлығы 159 арнайы техника мен 1219 маман жұмылдырылған.

Қазіргі таңда Алматыда коронавирус анықталған 17 кіреберіс ошағы бар. Бұл көрсеткіш қалада ауру ошақтарының саны азайғанын көрсетеді.  Атап айтқанда, Алатау ауданында 2, Түрксібте 3, Алмалы және Әуезов ауданында алты-алтыдан тіркелген. Жергілікті жерлерде 4 бригада және 12 арнайы маман жұмыс істеп жатыр. Бүгін қала бойынша тек дезинфекцияға 447 маман жұмылдырылып, Түрксіб ауданында мыңнан астам кіреберістер мен алаңдар және аулалар өңделді.

«Бүгін біз Түркісіб ауданындағы 400-ге жуық үйді өңдеп жатырмыз. Олар 3 учаскеге бөлінген. Барлығы 10 топта алты адамнан жұмыс істеп жатырмыз. Дезинфекциялауда сульфат консистенциясы мен үш пайыздық хлор араласқан сұйықтық қолданылады. Әр үй аптасына екі рет 23 маусымға дейін өңделетін болады», – деді дезинфектор Руслан БЕКТАСОВ.

Санитарлық жұмыстарға пәтер иелерінің кооперативі өкілдері де тартылған. Олар жүргізілетін санитарлық өңдеудің сапасы мен тәртібіне жауап береді.

«Дезинфекциялық жұмыстар өте қарқынды жүруде. Тұрғындар да, мен де тазалық мамандарының жұмысына ризамыз. Залалсыздандыру алдында алдымен тұрғындарға ескертіледі. Біздің кооперативте барлығы 16 кіреберіс бар, сондағы барлық қабатты және балалар алаңы мен футбол алаңын да залалсыздандыруда», – деді  ПИК өкілі Лариса РЕДКОБОРОД.

Ал кешегі залалсыздандыру жұмыстарының, яғни 18-кезеңінің алғашқы күнінде қала бойынша барлығы 7877 кіреберіс пен 1318 аула тазартылған.  Осындай тазалық шаралары тұрғындар арасында COVID-19-дың қарқынды таралуын тоқтату мақсатында жасалуда. Маусым айының ортасына дейін жалғасатын дезинфекция жұмыстарының нәтижелі болуы үшін, әрбір азамат карантин ережелерін сақтау арқылы өз үлесін қоса алмақ.

Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

ГРАФИКА

Коронавирус анықталған кіреберіс ошақтарын дезинфекциялау  

18-кезең

Жұмылдырылды

4 топ

12 маман

Өңделді

2 - Алатау ауданы

6 - Алмалы ауданы

6 - Әуезов ауданы

0 - Бостандық ауданы

0 - Жетісу ауданы

0 - Медеу ауданы

0 - Наурызбай ауданы

3 - Түрксіб ауданы

Барлығы 17