Ақтөбеде бауыр церрозына шалдыққан науқас әйелге баласы бауырының бір бөлігін берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе қаласының тұрғыны өзін жайсыз сезініп, басы айналып, әлсірей бастаған соң дәрігерге қаралған. Ақ халаттылар бірден бауыр церрозы диагнозын қойды. Әрі С гепатиті анықталды.
«Алғашында гепатитті емдеу шарасы жүрді. Бірақ жағдай оңалмады. Сондықтан бауырды ауыстыру жөнінде шешім қабылданды. Анасының ауырып жатқанын көрген баласы бірден бауырын беруге келісті. Ота Ақтөбе қаласында жасалды. Сеул ұлттық университетінің профессоры Кванг Вунг Ли бастаған дәрігерлер 6 сағаттан астам уақыт бойы операция жасады. Науқастың жағдайы тұрақты ауыр, жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды», - деп хабарлады облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, ота Сеул ұлттық университеті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және Ақтөбе медицина орталығы арасындағы келісім аясында жасалды. Бұл - бауыр ауыстырудың 14-ші отасы болды.