Алматылықтар өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап жатыр

13.06.2023 21:56

Гуманитарлық көмек жинау пункті 12 маусымда жұмыс істей бастады

РСК

Гуманитарлық көмекті жинау жұмысына 30-ға жуық ірі волонтерлік ұйымдар кіріскен. Осы кезге дейін 300 кг гуманитарлық көмек жиналған, деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде «QAMQOR CHARITY» қоғамдық қорының өкілдері, деп хабарлайды Almaty.tv.

Волонтерлер гуманитарлық көмекті жинауда алматылықтардың ерекше белсенділігін атап өтті. Гуманитарлық көмекті жиану жайлы хабарланған алғашқы күннен-ақ волонтерлерге бұл қайғылы жағдайға бей-жай қарамайтын көптеген тұрғын келіп, өз көмегін ұсынған.

«Абай облысындағы жағдай ешкімді бей-жай қалдырмады. Осыған байланысты Алматы қаласының еріктілері мен волонтерлік ұйымдары бірлесіп, гуманитарлық көмек жинау қорын ұйымдастырды. Дей тұрғанмен, бұл істе ең алғашқылардың бірі болып біздің тұрғындар бастама көтерді. Бізден көптеген тұрғындар шығып, көмек қолын созуға тілек білдірді. Қазіргі уақытта Абай ауданының жергілікті тұрғындары, сондай-ақ мамандар алғашқы қажетті заттармен толығымен қамтамасыз етілген. Біз Семейдегі бас штабпен үнемі байланыстамыз және қосымша қажетті заттар тізімін алып отырамыз», - деді «QAMQOR CHARITY» қоғамдық қорының төрайымы Бағдат Анарбаева.

Ірі волонтерлікк қозғалыстар қатарында «Қазақстан еріктілерінің лигасы» ҚҚ, «QAMQOR CHARITY» ҚҚ, «Lider.kz» ҚҚ, «Медицина жастары» РҚҚ және т.б. бар.

Алматыда гуманитарлық көмек жинау пункті 12 маусымда жұмыс істей бастады. Волонтерлер бірінші кезекте қажет болатын азық-түлік пен заттарды қабылдап жатыр.

«Біз көмекті кестеге сәйкес, таңғы 10.00-ден кешкі 19.00-ге дейін қабылдаймыз. Біздің штабта 20-дан астам волонтер  жұмыс істейді. Соңғы екі тәулікті 300 келіден астам гуманитарлыө көмек жиналды. Олардың арасында 8500 дана респираторлық масканы біздің Lider.kz волонтерлік ұйымы берді. Сонымен бірге, дәрі-дәрімек алынып, үйге, жаңа туған сәбилерге қажет заттар, жеке бас гигиенасына қажет заттар да алынды. Бұл - бір күн ішінде жиналған көмектің көлемі. Біз штаб жұмысын әлі де жалғастырамыз. Абай облысында болған қайғылы жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырды», - деп бөлісті волонтер Абзал Әріпов.

Атап өтетіні, волонтерлер қаржылай көмекті қабылдамайды. Қалағандар бірінші кезекте қажет болатын азық-түлікті (консервілер, макарон және басқалары) жинап, бір рет қолданатын ыдыс, қуаттау құралдары, жеке бас гигиенасына қажет заттар, су және т.б. жинау пункттеріне әкелуіне болады.

«Қазір тұрғындарды, кәсіпкерлерді осы жұмысқа тарту үшін ақпараттық жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Жалпы осы аптаның соңына дейін жиналған көмектің алғашқы жүгін жіберуді жоспарлап отырмыз.Көмек қажеттілігіне қарай жиналады. Бұған дейін жиналған қорлар тәжірибесі көрсеткендей, көмек жинау бір аптаға дейін жалғасады және одан кейін қажеттілігі азаяды. Одан кейін де көмек қажет бьолса, біз жұмысты жалғастырамыз», - деді Б.Анарбаева.

Волонтерлердің қатарына қосылғысы келетіндер болмаса гуманитарлық көмек жинауға ат салысқысы келетіндер Алматы волонтерлерінің фронт-кеңсесіне Байтұрсынов көшесі, 22, 1-корпус, 1-қабат мекенжайы бойынша жолыға алады. Немесе +7 747 821 64 78, +7 747 540 01 40, +7 771 625 77 76 сall-орталықтарының нөмірлеріне хабарласа алады.

Ақпарат сонымен бірге, @qamqorbolike қорының әлеуметтік желілерінде таратылады.