Бұл туралы бүгін Мәжілістегі үкімет сағатында министр Сапархан Омаров мәлімдеді
Төтенше жағдай режимі кезінде әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасын негізсіз қымбаттатуға жол жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ауыл шаруашылығы министрлігі тұрақты түрде бағаға қатысты мониторинг жүргізуде. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі үкімет сағатында министр Сапархан Омаров мәлімдеді.
«Коронавирусқа байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Күнделікті бар тауарларды қадағалап отыруымыз керек. Министрлік негізгі азық-түлік тауарларының 29 түрі бойынша тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Бұл тізбені шартты түрде мынадай үш топқа бөлуге болады. Бірінші топ – қамтамасыз етілуі 100 және одан да көп пайызды құрайтын азық-түлік тауарлары. Отандық өндірушілердің өндіріс көлемі жеткілікті болғандықтан, бұларға басымдық берілмейді. Екінші топ – қамтамасыз етілуі 90 және одан асатын пайызды құрайтын өнім түрлері. Бұлар – маусымға тәуелді болатын көкөніс өнімдері», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан ОМАРОВ.
Министрдің сөзінше, Қазақстанда өндірілетін азық-түлік өнімдері елімізге бір жылға жетеді. Қазір өңірлік тұрақтандыру қорларындағы қоймаларда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 1,2 миллион тоннасы сақтаулы. Ол шамамен жарты жылға жеткілікті.