Ант қабылдау рәсімі Алматы мен Жетісу облыстарында да өтті
Отан қорғаушылар күні қарсаңында десанттық-шабуылдаушы әскердің жас сарбаздарды ант қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақ армиясында адал қызмет етуге 300-дей жігіт сөз берген. Енді олардың барлығы Алматы гарнизонының 61-де 993 әскери бөлімшесінің жауынгері саналады. Салтанатты іс-шараға қарулы күштер қатарына қосылған азаматтардың ата-аналары да қатысты.
– Шымкент қаласынан келдім. Ұлымды көріп, қуанып жатырмын. Ер азамат борышын өтеуі керек. Сондықтан бір жыл күтеміз, – деді ата-ана Бағдат Төлемісова.
– Әскери борышымды атқаруға келдім. Грант беріледі, мүмкіндікті қолданып, ұшқыш болуды мақсат тұтып отырмын, – деді жас сарбаз Қанат Өмірзақов.
Алматыдағыдай ант қабылдау рәсімі Алматы мен Жетісу облыстарында да өтті. Ел бойынша биыл жарты жылда 1500-ге жуық сарбаз әскер қатарына алынған. Олар – мерзімді қызметке осы көктемде шақырылған азаматтар. Отан алдындағы борышын өтеуге сөз берген жас жауынгерлер 1 айда даярлықтан өтіп, қару ұстауды және қоян-қолтық ұрыс жүргізудің алғашқы курсын үйренген.
– Бір ай дайындықта жас сарбаздар жақсы нәтиже көрсетті. Елді қорғауға дайын екенін дәлелдей алды. Негізі 30 күнде жауынгер тәрбиелеу оңай шаруа емес. Бірақ 1 жылда олардан Отанымызды қорғайтын азамат шығарамыз, – деді 61993 әскери бөлімі командирінің орынбасары Бақытжан Қырғызәлиев.
Оқи отырыңыз: Жеңіс күні: Алматыда мерекелік іс-шара өтетін орындарды безендіру басталды