Роллан Сейсенбаев авторлық еткен бұл еңбектің 7 томы - қазақша, 7 томы - орыс тілінде 1 томы - ағылшын тілінде
Қазақ елінің тарихи қорына құнды еңбек қосылды. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында «Фараби» атты 15 томдық жинақтың тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еліміздің белгілі жазушы, драматургы Роллан Сейсенбаев авторлық еткен бұл еңбектер қазақ тілінде 7 том және орыс тілінде 7 том, ал ағылшын тілінде 1 том болып, басылып шыққан.
«Бұл кітаптар біздің болашақ жастар үшін, халқымыз үшін керек. Осы кісінің үлкен ойлары мен терең пайымдарымен сусындасын деген ниеттен. Бүгінгі тұсаукесерге көп адам жиналды. Алматы қаласының әкімшілігімен бірлесіп, біраз жұмыстар атқардық. Осының барлығы, ұлы бабамыздың сөзінің ары қарай ел ішіне, отанымызға көктей ене беретінінің үлгісі деп білеміз», – деді жазушы Роллан СЕЙСЕНБАЕВ.
Аталмыш кітаптың әр томына ғұлама ғалымның «Қайырымды қала», «Философиялық трактаттар», «Әлеуметтік-этикалық трактаттар», «Музыка туралы үлкен кітап», «Ғылым туралы кітап», «Ой сана туралы кітап», «Ұстаздың оралуы» деген туындылары енген. Сондай-ақ, бұл жинақтарға әлемдік Фарабитанушы ғалымдардың пікірлері жазылыпты.