Оны полицейлер жол бойынан тауып алған
Павлодарда 6 жасар бала 25 шақырым қашықтықтағы үйіне жаяу жетпек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Павлодар облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі патрульдік ротасының полицейлері майор Алмас Байымбет пен аға лейтенант Әлішер Латыпов әдеттегідей қызметіне кірісіп, «Павлодар - Успенка» автожолын патрульдеуге шыққан. Жолдың 28-шақырымында, Ефремовка ауылының маңында тасжолдың жиегімен кетіп бара жатқан баланы байқап қалған. Полицейлер бірден тоқтап, баланың есімін, оның жол бойында не істеп жүргенін сұраған. Алты жасар Нұрдәулеттің айтуынша, ол туыстарының үйінен шығып 25 шақырым қашықтықта, Коряковка ауылындағы өз үйіне бет алған», - деді полиция Департаментінің баспасөз қызметінен.
Полицейлер кезекшілік бөліміне хабарласып, болған оқиғаны баяндаған және баланы үйіне дейін жеткізіп тастаған.
«Үйінде ешкім болмаған, есікте құлып тұрған. Кейін баланы Павлодар аудандық полиция бөліміне алып барған. Оның ата-анасының жеке-басын анықтап, әкесіне хабар берді», - деді құқыққорғау органдарында.
Баланың әкесі ұлының мұндай жағдайға тап болғанын білмеген. Ол балаларын алып кету үшін полиция бөліміне барып, қызметкерлерге алғыс айтты.