Бақытжан Сағынтаев шағынаудандағы газ бен ауыз су мәселесін жеке бақылауына алды
Бүгін Наурызбай ауданына жұмыс сапарымен барған қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Шұғыла» шағынауданының тұрғындарымен тілдесті. Халықтың мұң-зарын мұқият тыңдаған әкім қарамағындағыларға шұғыл тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жұмыс сапарының жоспары бойынша, әкім әуелі «Шұғыла» ықшамауданында арнайы дайындалған құрылыс аумағына баруы керек еді. Бірақ Бақытжан Сағынтаев мердігерлердің баяндамасын тыңдағаннан гөрі, тұрғындармен жүздесуді жөн көріп, үй ауласына бет алды. Мұндағы халықты толғантқан мәселе шаш етектен екен. Бірі қоғамдық көлік мәселесін қозғаса, ендігісі ауланың жұпыны күйіне күйінді. Дегенмен, тұрғындардың басым бөлігі талайдан бері көгілдір отынға қол жеткізе алмай, әбден әбігерге түскенін жасырмады. Шаһар басшысы халықтың талап-тілегін мұқият тыңдап, алдағы бір айда шұғылалықтарды газбен қамтамасыз етуге уәде берді. Сондай-ақ көп ұзамай ауладағы тозығы жеткен жолдары жөнделеді және балаларына ойын алаңы жасалатын болды.
«1 тамызда газ болады. Мұны енді сіздер емес, мен қадағалаймын. Бұл бір. Екіншіден, балаларға арналған ойын алаңын жасақтауға тапсырма беремін. Келесі дуйсенбіде аудан әкімдерінің басын құраймын, соған дейін не керек екенін анықтаған олар, маған сол жиналыста есеп береді», – деді әкім.
Бақытжан Сағынтаевтың алға қойған басты мақсаты – әлеуметтік игіліктерді қаланың әр тұрғынына қол жетімді ету. Ал, Наурызбай ауданында басқаны айтпағанда, әлі күнге 69 мың тұрғын ауыз сумен қамтамасыз етілмеген екен.
Бұл аудандағы тағы бір үлкен мәселе – мектеп. Яғни, жыл сайын кеңейіп жатқан шағынауданда оқушылар санының артуы – заңды құбылыс. Ал, онда мектеп салынбақ түгілі, жобасы енді ғана жасалып жатыр. Б.Сағынтаев аудан әкімінің осы нәрсені де түсіндіруін талап етті.
«Халық ең адымен ауыз судан, сосын жарықтан тарықпауы тиіс. Әр шағынауданның өз әлеуметтік инфрақұрылымы болуы қажет. Аурухана, балабақша, мектеп тұрғындардың кәдесіне кедергісіз жарауы шарт. Мәселен, биыл Наурызбай ауданында 41 тұрғын үй салынады. Бірақ, мектептерді көбейту мәселесі ақсап тұрған көрінеді», – деп ескертті Б.Сағынтаев аудан әкіміне.
Сондай-ақ қала басшысы Наурызбай ауданының әкімі С.Тоғайға бүгін берілген тапсырмалардың орындау барысын күнделікті тексеруді және жұмыс жүріп жатқан учаскелерде үнемі болуды тапсырды.