Елімізде АИ-95 маркалы бензин неге тапшы

18.07.2023 21:59

Қазақстанда мұнай өңдеу зауытының барлығы штаттық режимде істеп тұр

inbusiness.kz

Қазақстанда АИ-95 маркалы бензин жанармай құю бекеттеріне жеткізіліп үлгермей жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясының басшылығы аталған отынды өндіруде күштің негізгі бөлігі «Атырау мұнай өңдеу зауытына» түскенін айтады. Олар жанармай құю бекеттеріндегі бензин тапшылығын осымен байланыстырып отыр.

– Бұл ең алдымен логистикамен байланысты. Өйткені жанар-жағармай материалдарын батыстан оңтүстік аймақтарға жеткізу екі аптаға созылуы мүмкін. Оларда өнім бар, қазір жолға шығуға дайындалып жатыр. Дегенмен логистика уақыт алады. Біз тиісті техникалық іс-шаралар өткіздік. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» өндірістің көп мөлшерін мойнына алды, орындалып жатыр, – деді  «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев.

Осы айдың басында Шымкент мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатқан еді. Павлодар мұнай-химия зауыты жоспарлы жөндеуге жабылған. 3 шілде күні кешке «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» жылу электр стансасында энергоблоктардың бірі істен шықты. Соның салдарынан Маңғыстау мен Атырау облыстарында өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. «ҚазМұнайГаз» ҰК төрағасы орынбасарының сөзінше, қазір Қазақстанда мұнай өңдеу зауытының барлығы штаттық режимде істеп тұр.

– Шымкент мұнай өңдеу зауыты мен Павлодар мұнай-химия зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталды. Атырау мұнай өңдеу зауытын қоса алғанда, елдегі барлық мұнай өңдеу кәсіпорыны жұмыс істеп тұр, – деді  «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев.