Мейрам күндері Алатау ауданындағы түнгі ойын-сауық орталықтарында жаппай тексерістер жүргізілді
Полиция қызметкерлері, білім бөлімінің мамандары және «Нұр Отан» партиясының белсенділері компьютер клубтарын жағалап жүрген кәмелет жасқа толмаған балаларды іздестірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алатау ауданының бірнеше құзырлы органы арнайы көлікпен түнгі көшелерді аралап, жасөспірімдер көп демалатын түнгі ойын-сауық ошақтарына бас сұқты. Нәтижеде компьютерлік клубтардың бірінде ересектердің бақылауынсыз уақыт өткізіп жүрген бірнеше бала ұсталды.
- Түнгі 23.00-ден кейін заңды өкілдіресіз көшеге шығуға болмайды.
-айып етпеңіз, мен білген жоқпын.
-ата-анаң қайда?
-Таразда...
Полиция қызметкері келесі қызға сұрақ қойды:
-Анаңыз сіздің осын екеніңізді біледі ме?
-Иә.
-Біле тұра жіберді ме?
-Иә.
Түнгі сағат 22.00-ден кейін кәмелет жасқа толмаған балаларға ата-анасыз немесе ересектердің ертіп жүруінсіз көшеге шығуға тыйым салынған. Бірақ кезекті рейд бұл заңның, орындалмайтынын көрсетті.
«Компьютерлік клубта ойнап отырған 5 жасөспірім ұсталып отыр. Олардың ата-аналарына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық заңының 442-бабы 1-тармағы бойынша үш айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынатын болады», - деді Алатау аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция бөлімінің инспекторы Исатай ДӘРІҚҰЛОВ.
Компьютерлік клубтың иесі болса, ойын залында кәмелетке толмаған балалардың болғанын білмедім деп ақталды.
Себебі мұндай жағдайлар үшін клуб және басқа да ойын-сауық орталықтарының иелері 25 мыңнан 80 мың теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін.
«2019 жылдың 11 ай қортындысы бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты 25 іс-құжат қаралды. 14 сұрақ комиссия жоспарына сәйкес ал 11 құжат 20 кәмелетке толмағандарға қатысты қаралды. Комиссия қаулысы шығарылды. Яғни, Алатау аудандық білім бөліміне және полиция басқармасының ювеналдық полиция бөліміне ол қаулылар орындалуға жіберілді», - деді Алматы қаласы Алатау ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы Шапағат ТҰРСЫНОВ.
Екі күнге созылған «Жасөспірімдер» жедел-сауықтыру шарасы кезінде жастар әсіресе жиі жиналатын Алатау ауданының он нүктесіне тексеріс жүргізілді. Нәтижеде кәмелетке толмаған 20 бала ұсталып, 5 ата-ана өз міндеттерін атқармағаны үшін жауапкершілікке тартылмақ.
Қуан Нұрақын, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы