Медиа орталықтың жалпы құны 4 миллиард теңге
Алматы әкімдігі қасиетті Түркістан қаласына тарту ретінде салып жатқан медиаорталықты күзде тапсырады. Құны 4 миллиард теңгеге бағаланған ғимаратта Түркістан облысына қарасты БАҚ өкілдері отырады. Жаңа медиа орталық жапон мен батыстың соңғы сандық техникасымен жабдықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала айналасында қайшылысқан қалың техника мен мойынын көкке созған алып крандар Түркістанның жылдам түлеп, өзгеше қалаға айналып жатқанының белгісі дейді жұмысшылар. Ойы жүйрік, жаңаша оқыған жас инженерлер қасиетті қаланың келбетін көркейтуге жан-жақтан келген білікті мамандар Алматы қаласының тапсырысымен аумағы 3160 шаршы метрді құрайтын төрт қабатты мадиа орталықты үш айда аяқтамақ.
«Бірінші қабатта асхана, оң жағынан брифинг орталық, конференц зал және шағын киностудия болады. Екінші этажда радиостанциялар отырады, аппараттық студиялар болады. Ал газет-журналдар үшінші қабатта отырады. Төртінші этажда телеарна болады», – деді инженер Ерлан ЖҰМӘДІЛОВ.
Түркістан облысына қарасты БАҚ өкілдерін бір жерге жинайтын медиа орталық 300 шақты қызметкерге арналған. Жылдам жаңалық таратып, сапалы бағдарламаларды жасауға мүмкіндік беретін сандық аппараттарды да Алматы әкімдігі алып береді.
«Түркістан қаласындағы ең әдемі, сұлу нысан болып шығады деп ойлаймын. Себебі, архитектура жағынан да жүз пайыз әйнектен жасалған қасбеті болады. Қысқасы, бүгінгі заманауи, технология жағынан сәйкес келетін нысан болмақ» , – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит ӘЗІРБАЕВ.
Медиа орталықтың жалпы құны 4 миллиард теңге шамасында болса, құрылыс жұмыстарының өзі 2,6 миллиард теңге. Қазан айында қолданысқа беріледі деп жопарланған орталық облыс әкімдігінің жанында орналасқан.
Әмірболат Құсайынұлы, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы