Тараз қаласы әкімінің пәтері қанша тұратыны айтылды

06.02.2019 22:01

Tengrinews.kz.

Тараз қаласы әкімдігіндегілер қала басшысы Ғалымжан Әбдірайымовтың қызметтік пәтері қанша тұратынын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Әкімдік өкілдері редакция жолдаған ресми сауалға берген жауабында әкімге аумағы 116 шаршы метр болатын қызметтік төрт бөлмелі пәтер берілгенін айтты.


«Тараз қалалық әкімдігінің қаржы бөліміндегілер әкімге 24,5 миллион теңге тұратын пәтер берді», - деп хабарлады ведомстводағылар.

Сондай-ақ, 2019 жылдың 28 қаңтарындағы жағдай бойынша әкімдікте 54 қызметтік пәтердің бар екені және олардың барлығында мемлекеттік қызметкерлердің тұрып жатқаны айтылады. Олардың айтуынша, бос тұрған пәтерлер жоқ.

Еске салайық, Ғалымжан Әбдірайымов Тараз қаласы әкімінің қызметіне 2018 жылдың 23 сәуірінде келген еді.  Әбдірайымов Ғалымжан Райылұлы 1965 жылы туылған, ұлты қазақ, білімі жоғары, 1988 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «инженер-құрылысшы», 2003 жылы «Тұран» университетін «заңгер» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

2014-2015 жылдары Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы, 2015-2017 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметтерінде болды.

2017 жылдың 15 ақпанынан 2018 жылдың сәуіріне дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.