"14 бала құлап кеткен": Мемлекет басшысы әкімдікке жауапкершілікті еске салды

08.10.2019 22:02

Тоқаев соңғы жылдары пайдалануға берілген нысандарда өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмағанын атап өтті

sputniknews.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорда тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Жыл басынан бері балалардың терезе мен балконнан құлауымен байланысты 14 жазатайым оқиға тіркелген. Мұндай трагедиялардың қайталануына жол бермес үшін барлық шараны қолға алу қажет. Құрылыс нормаларында қауіпсіздіктің нақты параметрлерін күшейту қажет деп санаймын", - деді Президент астананы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі жиында.

Оның айтуынша, кей құрылысшылар мен кәсіпкерлер мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктерді теріс пайдаланады.

"Үйлерге қатысты қауіпсіздік шараларын сөзсіз қабылдау керек. 14 бала қалайша терезеден құлап кеткен? Бұл олардың ата-анасының тікелей кінәсі, алайда әкімдіктің де міндеті. Негізінде әкімдік барлығына жауапты. Қаланың әрбір тұрғынына жауаптысыздар", - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Тоқаев соңғы жылдары пайдалануға берілген нысандарда өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмағанын атап өтті. Айтуынша, 39 тұрғын үйдің сыртқы қасбетінде жанғыш материалдар пайдаланылған.

"Бұған мүлде жол беруге болмайды. Қауіпті. Үкімет пен әкімдікке өрт қауіпсіздігін тексеру мақсатында ғимараттар құрылысына жобалық құжаттама сараптамасын енгізу мәселесін пысықтауды тапсырамын", - деді Президент.

Бұдан бөлек, ол қаланың өрт сөндіру қызметін қажетті техникамен қамтамасыз ету қажеттігін айтты.