Алматыдағы қақтығыстан 5 жедел жәрдем қызметкері зардап шекті

Almaty.tv
Almaty.tv
Сондай-ақ 32 реанимобиль көлігі зақымданған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы қақтығыстар кезінде жедел жәрдем қызметінің 5 қызметкері зардап шегіп, 32 реанимобиль зақымданған. Террористердің тұзағына ілінгендердің ішінде жедел жәрдем қызметінің жұмысшылары, фельдшерлері де болды. Олар оқ пен оттың арасында жаралыларға жебеу бола білді. Әйтсе де, мекеме бүгінде толық жұмысқа кірісіп, тәулік бойы тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.         


Фельдшер Серғазы Есбосынұлы 4 қаңтар күні Абай және Наурызбай батыр көшелері қиылысынан түскен шақыртуға жолға шыққан. Бірақ жолай полиция қызметкеріне шұғыл көмек қажет болып, Сәтпаев пен Назарбаев даңғылына беттепті. Сол жақта қатты жаралы үш полицейді алып кетіп, көмек көрсетпекші болған. Дәл осы кезде ереуілшілер оларға тап беріп, шабуыл жасаған. Қақтығыс кезінде фельдшер мен жүргізуші зардап шегіпті.

«Олар көліктің артқы есігін ашып, көзді ашытатын газды гранаталарды ішке лақтырып жіберді. Біреуі ашылып үлгерді. Екіншісі ашылмады. Адамдар есікті зақымдап, бізден полицейлерді босатуымызды талап етті. Қоқан-лоққы көрсетті. Бірақ біз барынша күресіп, пациенттерді аман алып қалудың амалын жасадық», – деді қалалық медициналық жедел жәрдем қызметі №4 бекетінің фельдшері Серғазы Абылаев.

От пен оқтың арасында қалған медицина қызметкерінің басы жарақаттанып, жүргізушімен қоса іштегі полицейлер де газбен тұншыққан. Ал 5 жылдан бері еңбек ететін Қайымбай Тәттібаев жан-жақтан анталаған адамдарды басып кетпеуге әрі ыңғайын тауып құтылып кетуге ұмтылыпты. 

«Қолдарында таяқтары, неше түрлі қаруы бар. Қорқынышты болды. Әйтеуір арасынан шығып бара жатқанда машинаның терезелерін ұрып сындырды. Содан артқы есікті ашып бізге газ лақтырды. Серғазы дер кезінде есін жинап газды далаға лақтырып, біреуін итеріп шығарып жіберді, сөйтіп біз қашып кеттік», – дейді медициналық жедел жәрдем қызметі көлігінің жүргізушісі Қайымбай Тәттібаев.

Жедел жәрдем көліктерінің көбінесе әйнегі шағылып, есіктері зақымдалған, реанимобильдің сырты яғни шанағы ұрылған, дөңгелектері жарылған. Абырой болғанда, көлік жүргізушілері қысылтаяң кезге қарамастан, іште болған адамдарды діттеген жеріне аман жеткізіпті.

Жағдай ушыққан күндері жедел жәрдем қызметкерлері шамамен 500-дей адамға көмек көрсетіпті. Тіпті №4 жедел жәрдем бекетіне шабуыл жасамақ болған екен.

«Сол кезде келіп түскен адамдардың ішінде не қазақша, не орысша білмейтін адамдар да болды. Олардың тілін қызметкерлеріміз түсінбеген жағдайлар болды. Олар бізден үш радиобайланыс құралын алып кетті. Біреуін сындырып тастады. Жалпы, 32 көлік зақымданды, 5 қызметкер зардап шекті. Біреуі қатты жарақат алып, емделіп жатыр», –  деді қалалық медициналық жедел жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы Андрей Ложкин.

Бүгінде жедел жәрдем қызметі толық штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қазір шақыртуға 200 бригада жұмылдырылған.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров