Мәселе қалай шешіледі?
«Мазар жанына демалыс кешенін салмақшы». Осылай деп шағымданған Талғар ауданына қарасты Қарабұлақ ауылының тұрғындары жеке кәсіпкердің бұл ісіне наразы. Айтуынша, мердігер компания иесі бейіттің айналасын қоршап, күзет қойып тастаған. Сөйтіп, мұнда адам жерлеуге мұрша бермей отыр дейді ауыл тұрғындары. Мәселе қалай шешіледі? Қос тарапты тыңдап келген Ұлағат Арғын Almaty.tv тілшісі баяндайды.
Қарабұлақ ауыл тұрғындары мәйітті жерлеу үшін ұлтарақтай жерге жарымай отырғанына жылға жуықтаған. Жыл басында әлдебіреу келіп, жерді сатып алғанын айтқан көрінеді. Енді кәсіпкер мұнда ойына келгенін істегелі отыр дейді тұрғындар.
«Мынау енді кішкентай ғана жеріміз еді. Әкеміз жатыр, анамыз жатыр, балам жатыр менің. Осы жердің кішкентай жерін алып, коттедж саламыз дейді ме, неше түрлі бәлені шығарып, бәрін қоршап тастаған. Осы жерді қоршап алып, ана жерден арық қазып, үлкен канал қазып қойған қоймасын деп. Оны біз өзіміз трактор жалдап бітедік», – деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Жұмабек Тоқбергенов.
«Ауыл адамдары болып кәсіпкерге барғанымызда сендерде мазардың құжаты жоқ деп шығарып салды. Бұған дейін мазардың құжаты болатынын, оны біреу өз қарамағынан алғанан қайдан көрдіңіз. Бұл ақылға сыймайтын жағдай ғой», – деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Магомед Қадыров.
Жерді өз меншігіне алған кәсіпкер қайтыс болғандарды жерлеу үшін ауыл шетінен бөлек аймақ бөліп берген. Оның аумағы 11 гектар. Бірақ олар бұл жерге мәйіт қоюға түбегейлі қарсы. Себебі мұнда қарсы бетте христян дінінің өкілдері жерленген. Оның жанына мұсылмандарды жерлеу салтымызға қайшы дейді ауыл тұрғындары.
Жеке кәсіпкердің ауыл тұрғындарына жаңадан берген жері осы. Десе де олар бұл жерді пайдаланғысы жоқ. Айтуынша, бұған дейін жерлеп келген ескі мәйіттің жерін қалдырса деп отыр. Ауыл тұрғындары бұл жердегі 11 гектар жердің бір гектары да қажет емес деп ашынады.
Талғар аудандық әкімдігінің хабарлауынша, бейт тұрғызылған жер 2007 жылы жеке иелікке өткен. Құжатқа сәйкес, оны пайдаланудағы негізгі мақсат – көкөніс өсіру үшін, яғни ауыл шаруашылығы ретінде қарастырылған.
Талғар ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік құқық бөлімінің бас маманы Ұлан Қызайбекпен телефонмен сөйлестік:
– Қазіргі құжаттар бойынша ол жерлер «Орбұлақ» ЖШС-нің жері болып табылады. Келесі мәселе келесі берілетін қосымша жерлердің нысаналы мақсаты бейітке арналған жерлер болып саналатын болады.
– Құрылыс жұмыстары жүргізілмей ме сонда ол жерде?
– Иә, иә.
Бұл істің соңы қалай аяқталатыны әзірге белгісіз. Аудан әкімдігі қос тараппен келіссөз жүргізіп жатырмыз деп сендірді. Ал, ауылдықтар талап-арыздары орындалмаса жоғарғы сотқа дейін баруға бекініп отыр.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы