Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің құрамы 30%-ға жаңарды

18.03.2019 22:02

Жаңарған құрам бүгін алғашқы кеңесін өткізді

Алматы қалалық қоғамдық кеңесі жаңа құраммен бірінші кеңесін өткізді. Онда 6 салаға бағытталған комиссия төрағалары таңдалды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеңес құрамында 30 адам бар. Оның ішінде 27-і үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болса, 3-і мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндер. Атап өтерлігі, кеңес құрамы 30 пайызға жаңарған. Ал, оның төрағасы болып қайта таңдалған Рахман Алшанов жаңа құрамды жауапты жұмыстар мен міндеттер күтіп тұрғанын атап өтті. Себебі тұрғындарды толғандырған түйткілді мәселелер дер кезінде шешімін табуы тиіс.

«Алматы дамып келе жатқан қала. Бүгін бір мәселе шешілсе, ертең жаңа екеуі пайда болады. Қазір үй құрылысы дамыған сайын ел-жұрт ипотека алып, қарызда жүр. Салдарынан тапқан табысы өзге қажеттіліктерін жабуға жетіспей жатады. Біздің жұмыс осы мәселені шешудің жолдарын көрсете білуі керек, яғни, отбасылық бюджетті қалай қалыптастыру керек, ақшаны қалай дұрыс жұмсау керек, сол жөнінде тұрғындарға мамандар кеңес беруі қажет», - дейді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман АЛШАНОВ.