Алматы қонақүйлерінде көп ұзамай отель-роботтар қызмет етуі мүмкін

Алматы қонақүйлерінде көп ұзамай отель-роботтар қызмет етуі мүмкін
Алматыға отандық саяхатшылар күнінен орта есеппен 55, ал еуропалықтар 180-190 доллар қалдырады екен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Бағаны түсірмесек, бизнесіміз банкротқа ұшырайды». Бұл – халықаралық қонақүй форумына келген шетелдік іскерлердің алға тартқан ойы. Кей сарапшылар  болашақта отель-роботтардың қатары артатынына күмән келтірмейді. Бірақ ол үшін инвесторлардың бәрі тәуекелге дайын болуы керек, – дейді Almaty.tv тілшісі.

Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Грузиядан келген іскерлер көрсетілген туристік қызмет сапасы жоғары әрі бағасы да қолжетімді болуы керек деп есептейді. Өйткені бәсекелестікке қабілетті болу әуелі бағамен өлшенбек. Мәселен, Грузияда биыл қонақүйдің қызмет көрсету құны 10 пайызға арзандапты. Бұл туристерді тартудың бірден-бір амалы екенін Әзірбайжаннан келген іскерлер де алға тартты.

«10 жылдан кейін өндіріс орындары қандай өнім шығаратынын айтпайды, тек тұтынушыларға не керек екенін нұсқап отырады. Адамдар онлайн режимде тауарды қашан, қай жерде және қанша сомаға сатып алатынын айтып отырады. Туризмде де дәл солай. Сондықтан біз инвесорларға да бірден ескертуіміз керек. Егер ұзақ мерзімге қаржы салса, нарықтың өзгеріп кетуі, пайда табудың түрлі тәсілі шығуы мүмкін екеніне дайын болуы керек», – деді Әзірбайжаннан келген шипажайдың бас директоры Огтай ХАНКИШЕВ.

Ал Ресейден келген екі сарапшының пікірі екі түрлі. Бірі қонақүйде қарсы алатын персоналдарды қысқарту үшін электронды жүйе мен арнайы роботтарды іске қосу тиімді екенін айтады. Ал, іскер Ришат Валитов болса, қонақүйге келген қонақтарды жылы қабақпен қарсы алып, иіліп күтіп алатын қызметкерлерсіз елестету мүмкін емес екенін алға тартады.

«Қазіргі таңда әлемде қызметкерлерге төлейтін қаражатты үнемдеу  үшін робот-отельдер шығып жатыр. Мәселен, Амстердамда адамның көмегінсіз-ақ қонақ үйге кіріп, автоматтандырылған қызметті пайдалана аласыз. Ал сол қонақ үйдің есігін ашу үшін арнайы пинкод беріледі. Яғни, барлығын оп-оңай телефон арқылы да жүзеге асыруға болады», – дейді Ресей Федерациясынан келген Ақпарттық технологиялар компаниясының бас директоры.

Былтыр 1 миллионнан астам  туристі қарсы алған Алматы саяхатшылардың  қарқынын арттыру үшін әрі оларға қолайлы қызмет ұсыну мақсатында қызу құрылыс жүргізуде. Былтырдың өзінде қонақүйдегі орындардың саны 55 пайызға артқан. Бұл шамамен 19 мың туристі қамтамасыз етуге жеткілікті. Сондай-ақ өткен жылы Алматыда ашылған бір қонақүйдің өзі 90 адамға жұмыс тауып берсе, биыл жыл басында бой көтерген тағы бір брендтік қонақүйі ашылғалы тағы 115 адам екі қолға бір күрек тапқан. Жыл соңына дейін тағы 2 қонақүй ашылып, онда қызмет көрсететін  220 персоналға жұмыс ұсынылмақ. Бұдан бөлек, Алматыда медтуризмнің дамуы үшін шипажайлардың саны артып, бағасы да қолжетімді болмақ.

«Баға нарығына қарай және қызмет көрсетуі жағынан Алматыға туристер пластикалық медициналық қызметке, кардио-нейро, қан тамырлары хирургиясына, стоматологияға және репродуктивті медицинаға қызығушылық білдіруде. Бір ғана шетелде емделу қызметіне алматылықтар жылына 500 миллион доллар жұмсайды екен. Сондықтан сыртқа кетіп жатқан шығынды өзімізде қалдыру үшін медтуризмнің маңызы өте зор.  Қазір қалада 26 шипажай бар. Жыл соңына дейін тағы бір шипажай күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа беріледі», – деді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Мақсат Қиқымов.

Алматыда өтетін 50 шақты халықаралық бас қосудың өзі туристік салаға зор серпін береді.  Өйткені қалаға келген отандық саяхатшылар күнінен орта есеппен 55, ал ресейлік қонақтар 80-90 доллар жұмсайды екен. Азия елдерінен келген туристер тәулігіне 130-150, еуропалықтар 180-190 доллар қалдырады.

Әйкерім Ердәулетқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров