Қарағандыда 7 жасар қыз әткеншектен құлап, мерт болды

Фото tengrinews.kz
Фото tengrinews.kz
Қайғылы оқиға орын алған ойын-сауық алаңының құжаттары тәркіленді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кеше Қарағандының ірі сауда орындарының бірінде қыз бала әткеншектен құлап, мерт болды. Ойда жоқта жазымға ұшыраған балаға ойын алаңында жүрген дәрігерлер мен 11 минутта жеткен жедел жәрдем жанұшыра көмектесуге тырысса да, аман алып қала алмады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайғылы оқиға орын алған ойын-сауық алаңының құжаттары тәркіленді. Созылмалы дертпен есепте тұрған балақайдың нақты неден көз жұмғанын ақ халаттылар алдағы уақытта анықтайды. Әзірге белгілісі, 2012 жылы туған қыз бала орталыққа отбасымен келіпті. Ол әткеншекке отырғанда, қасында екі туысы болған. Алаң иесі қолымыздан келгенше алғашқы көмек көрсеттік деп ақталуда. Бірақ соған қарамастан жергілікті полиция өкілдері оның кәсібін тоқтатып, құжаттарын тәркілеген. Полиция Қылмыстық кодекстің 306-бабы, 3-бөлімі, «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету» фактісі бойынша іс қозғаған.

«Аталған жағдай бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Қарағанды облыстық ПД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы Жанатай СЕМБЕКОВ.

Бұл биылдыққа Қарағандыда болған алғашқы қайғылы оқиға емес. Қала паркінде 25 маусым күні 11 жастағы бала батуттың астында қалып, көз жұмған болатын.

Новости партнеров